Абай облысының әкімі Берік Уәли халық көңілінен шықты ма

11 қарашада Абай облысының әкімі Берік Уәли алғаш рет Астанада үлкен баспасөз конференциясын өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы бір жылдың есебін береді. Шенеуніктің осы облысқа басшы болып келгеніне тоғыз ай болды.
Осы уақытта әкім не іс тындырды? Кинотанушы һәм журналист, қазіргі шенеунік жергілікті халықтың көңілінен шықты ма? Семей неге жаурады? Полигондағы кен орнынан жеткізетін көмір улы емес пе? Kursiv.Media осы және өзге де сауалдарды семейлік қоғам қайраткері Майра Әбеноваға қойды.
Берік Уәли ел басқара ала ма?
Семей ғана емес, бүкіл ел танитын азаматтық белсенді Майра Әбенова өзі тұратын облысты «қырық жыл бойы полигон зардабын тартқан, 25 жыл басқа өңірдің құрамында әбден тозған өңір» деп сипаттады.
Құқық қорғаушы 2025 жылғы 17 ақпанда Берік Уәлидің Абай облысына әкім боп келгеніне қуанған. Осы өңірде туған азаматтан, оның үстіне президенттің баспасөз хатшысы болған кісіден жақсы әкім шығуы мүмкін деп үміттенген.
«Семейде туған, қазақ менталитетін жақсы түсінетін өзіміздің бала. Жерлес қана емес, президентке жақын адам. 2021 жылдан бері полигоннан зардап шеккендер мәселесін көтеріп жүрмін. Ұсыныстарымды жоғарыға жеткізбек болып, үнемі президенттің қасында жүретін Берікпен танысқым-ақ келген. Өңірге басшы боп келгелі жарты жылдан кейін ғана бетпе-бет жүздесе алдық. Бізде әкімдерге жолығу өте қиын», – дейді белсенді.

Әбенова әкіммен жеке басының емес, өңір мәселесін жеткізу үшін жүздескісі келген. 2026 жылы Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толады. Ертерек қамдану керек.
«Журналист. Адамдармен жақсы сөйлесіп қанай қоймай, оларды мұқият тыңдай алады. Ұсынысымызды бірден құптап, түстен кейін-ақ жапондармен кездесуде дайындық басталып кеткенін жариялап үлгерді».
Оның айтуынша, Уәли тоғыз айдың ішінде өңірдегі аудандардың бәрін аралап, шалғайдағы ауылдарға дейін барды. Дегенмен басында бұрынғы журналистің тұтас бір өңірді басқара алатынына күмәнмен қарағандар да табылды.
«Журналистің қолынан ел басқару келмейді-ау деген әңгімелер болды. Менің ойымша, халықты ұйымдастыра білетін адам әкім болуға лайықты. Ірі инвестициялық жобалар туралы көп айтылып жүр, бірақ әзірге жоба күйінде ғана… Жақында өткен үкімет отырысында инвестиция тарту жөнінен біздің өңір көш соңында қалыпты», – деп өкінді семейлік белсенді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы қаңтар-маусым айларында елдің жалпы ішкі өніміне (ЖІӨ) Абай облысының қосқан үлесі бар болғаны 2,2% болған. Дегенмен мұндай көрсеткіштің 2024 жылмен салыстырғанда 4,4%-ға өскені қуантады. Қазір Семей облысы бұл жағынан 17 өңір мен үш ірі қаланың ішінде 13-орында тұр.

Семей әкімін сайлау: халықтың саяси белсенділігі қандай
1998 жылдан бері сайлауға талай мәрте түсіп, мәслихат пен мәжіліске өте алмаса да өзін жеңімпаз санайтын Әбенова биыл қоғамдық кеңеске кірмеді. «Көңілім қалды» дейді өзін «мәңгілік экс-үміткермін» деп атайтын азаматтық белсенді.
«Өткен жылдары қоғамдық кеңестің мүшесі болғанмын, бірақ биыл оған өзімді ұсынбадым. Көңілім қалды. Қоғамдық кеңес деген аты болмаса, онда өздеріне ыңғайлы адамдар: кезінде әкімшілікте, сотта, арнайы қызметте істеген зейнеткерлер отырады. Бітпейтін есеп, отырыс – түк пайдасы жоқ», – дейді Әбенова.
Оның пікірінше, өңірде азаматтық қоғамның кәсіби дайындығы әлі де төмен болып тұр. Өйткені өздеріне ыңғайлы «қуыршақ ұйымдарын» мемлекеттік тапсырысқа тартып, нағыз белсенділер үні естілмей қалып жатады, деп есептейді «ДОМ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі.
«Бір адамның басында бес-алты ұйым бар. Қоғамдық ұйымдардың кейбір басшысы бұрын әкімшілікте отырғандар. Олар халық мүддесін қалай қорғасын? Қарақан басын ғана ойлайды».
2025 жылғы 12 қазанда тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет облыс орталығының әкімін халық сайлады. Банкир Әділет Қожанбаев саяси науқанда жеңіске жетті.
Әбенова Семей қаласы әкімін сайлауды елеулі оқиға деп есептегенімен, сайлаушылардың белсендігі төмен болғанына қынжылды. Тәуелсіз бақылаушылар дауыс беру көрсеткішін 32% ғана десе, ресми мәлімет 53,7% деп көрсетті.
«Өз үміткерімізді ұсына алмаған өзіміз де кінәліміз. Семейді саяси белсенділік бұрыннан төмен. Мәселен, 2023 жылы мен сайлауға түскен уақытта сайлаушылардың 15%-ы ғана дауыс берген. Қалған 85%-ы «не істесеңдер де бізге бәрібір» деп отыр. Ертеңгі күні «мені халық сайлады» деп айтудың өзі ұят».
«Патша заманынан» қалған жылу қазандығы мен қара түтін
Семей – жылыту жүйесі толық шешілмеген ірі қалалардың бірі. Облыс орталығын 16 шағын қазандық жылытады.
«Патша заманында салынған ескі қазандықтарымыз бар. Жылу жете бермейді. Ал қыста ауаны қою қара түтін торлайды. Қарымыз да қап-қара. Елге жылу жетпесе де, көп қабатты үйлер үсті-үстіне салынып-ақ жатыр. Ең сорақысы – жер жетпегендей, қаз-қатар орналасқан үйлердің бірінің терезесі екіншісіне түйісе қарап тұр», – дейді Семей тұрғыны.

Қаланы жылумен толық қамтамасыз ететін ЖЭС салу мәселесі жарты ғасырдан бері айтылып келеді, бірақ үкіметтің оны орындауға әлі шамасы жетер емес. 2025 жылғы қазанның аяғында премьер-министр Олжас Бектенов құрылысқа дайындықты 2026 жылғы көктемде аяқтауды тапсырған. Құрылыс жарты жылдың ішінде басталған күннің өзінде, ол аяқталам дегенше тағы үш жылдай шыдай тұру керек.
Өңірге әлі газ жеткен жоқ. Соған байланысты жекеменшік үйлер де көмір жағып отыр. Негізгі отын көзі – Қаражыра көмір кен орны кезіндегі полигон аумағында орналасқан.
«Жердің астында жарылыстар болды. Көмірдің қаншалықты қауіпті-қауіпсіз екенін ешкім білмейді. Мәселен, 3 тонна көмірде қанша зиверт бар екенін дозиметрмен өлшеп беруге болады ғой. Пеш жағып отырған адамдардың өзі уланып қалмаймыз ба деп қорқады. Халықта денсаулық та жоқ. Бұл салаға ақша аз бөлінеді. Ең жақсы дәрігерлеріміз кетіп жатыр. Ауруханалар сын көтермейді. Техникасы ескірген. Өзім жақында ғана ауруханадан шықтым», – деп күрсінді белсенді.
2025 жылғы қазанның басында ғана Қазақстан мен «Газпром» Ресейдің Барнауыл, Омбы қалаларынан Семей мен Өскеменге жаңа газ құбырын тарту туралы келісімге отырған. Магистраль құрылысы қашан аяқталып, көгілдір отын елдің шығысына қашан жететіні әзірге белгісіз.
«Мәселе көп. Уәли тырысып-ақ жұмыс істеп жүр. Білімді азаматтармен көбірек жұмыс істесе екен деген бір ғана ұсынысым бар. Әйтпесе кезінде райкомда, обкомда істеген ақсақалдармен жүздеседі де жатады. Солай-ақ болсын. Бірақ олардың ішінде апалары қайда?» – деп сұрайды 71 жастағы азаматтық белсенді Майра Әбенова.
Берік Уәли 1977 жылы Семей облысында дүниеге келген. Ол үш бірдей жоғары оқу орнын тәмамдап, кинотанушы, журналист, заңгер мамандықтарын меңгерген. Еңбек жолын телеарна тілшісі ретінде бастаған Уәли кейінгі жеті-сегіз жылда мемлекеттік қызметте істейді. Бастапқыда Жамбыл облысының ішкі саясат басқармасының басшысы, президенттің баспасөз хатшысы болған шенеунік биыл Абай облысының әкімі қызметіне дейін көтерілді.