
Қытай миллиардері Джек Маның әйелі Кэти Ин Чжан Лондонда бұрынғы елшілік ғимаратын сатып алды. Бұл туралы Financial Times жазды.
Alibaba компаниясының негізін қалаған миллиардердің әйелі былтыр Лондондағы ғимаратты 19,5 млн фунт стерлингке сатып алған. Бұрын ол үйде Италияның Ұлыбританиядағы елшілігі орналасқан. 15 жыл бұрын ғимарат жеке резиденцияға айналған. Мұнда алты жатын орын, үй кинотеатры, сонымен бірге бақ бар.
Жылжымайтын мүлік нарығын зерттейтін LonRes мәліметінше, ғимарат былтырғы ең қымбат 34 сауда тізіміне енген. Ма отбасы қолайлы ауданда орналасқан үйдің қауіпсіздігіне назар аударған.
Мәліметтерге қарағанда, бастапқыда ғимарат 21,5 фунт стрелингке бағаланған. Алты бөлмелі таунхаус Белгравия ауданында орналасқан. Үй XX ғасырдың басында салынған. Ал 1923 жылы оны Италия үкіметі сатып алып, дипломатиялық қызметін сонда орналастырған.
Джек Ма жеке өмірі туралы ашып айтқанды ұнатпайды. Сол себепті оның әйелі мен екі баласы туралы мәлімет аз.