Lifestyle

Қазақстандық медиакеңістіктегі Green flag ерлер кімдер

Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Кейінгі кездері әлеуметтік желіде ерлерді «ред флаг» және «грин флаг» деп бөлетін тренд пайда болды. Бұған медиатұлғалардың әрекеті себеп. Мәселен сұхбатта айтқан сөзі, парақшасына салған stories не жасырын камераға түсіп қалғанына қарап, әрекетіне баға береді. Егер жағымсыз қылық танытып, қыз-келіншектер қауымына қауіп тудыратыны байқалса, әлеуметтік желіде бірден кәнсілдеп, «ред флаг» қатарына қосады. Ал енді, керісінше, жұбына қамқор болып, елді сүйсіндіретін әрекет көрсеткендерді мақтап, «грин флаг» санайды. Бүгінгі материалымызда қоғамда оң баға алған ерлердің мысалын жинақтадық.

«Грин флаг» деген не?

Green flag (ағылшын тілінен аударғанда, «жасыл жалау») термині адамның іс-әрекетіндегі жағымды белгілерді білдіреді. Яғни сау қарым-қатынас құра алатын, эмоциялық фоны дұрыс адам деген сөз. Мұндай «грин флаг» адамдар басқалардың шекарасын бұзбайды, адалдықтың ақ туын ұстанады, өзгелердің сезіміне құрметпен қарайтын эмпат болады. Мұндай адаммен жұп болсаңыз, өзіңізді қауіпсіз сезіне аласыз. «Ред флаг» иелері токсик келеді. Сондықтан зәрлі қарым-қатынаста жүргендер үнемі мазасыз күй кешіп, қорқып өмір сүреді.

Қазақстандағы Green flag ерлер

  1. Тимур Балымбетов

    Тимур Балымбетов – қазақстандық медиакеңістіктегі ер-азаматтар ішінде «грин флаг» құндылығының көрінісі деп аталатындардың бірі. Продюсер, тележүргізуші, интервьюер Тимурдың кәсіби білігінен бөлек, адами бітіміне де көпшілік таңдай қағады. Әсіресе, сұхбаттарында қарсы алдындағы отырған адаммен қалай коммуникация жасайтыны, эмпатиясы және ең бастысы, отбасындағы құндылықтары оны «жасыл жалаулы» жігіттердің қатарында болуға толық құқылы екенін көрсетеді.

    Тимур Балымбетов 1982 жылы дүниеге келген. Біраз жыл Gakku TV телеарнасының бас продюсері қызметінде болды. Кейіннен «Ашығын айтқанда/Честно говоря» атты Youtube-жобасын қолға алды. Мұнда кейіпкерлерімен жылы да ашық сұхбат құрады. Қонақтарының тілін тауып, жеке шекарасына өтпей, қауіпсіз атмосферада әңгіме өрбіте алатын қабілеті бар. Журналист ретінде бағалау керек басты қабілетінің бірі – конфронтация жасамай, диалог құра алатынында.

    Жеке өміріне келсек, Тимурдың жұбайы Лаураға деген қарым-қатынасы да айрықша. Сұхбаттарында болсын, парақшасында болсын үнемі махаббатын ашық білдіріп, шексіз құрметін көрсетіп отырады. 2020 жылы шаңырақ көтерген жұбайлардың қазір Иса және Диас есімді екі ұлы бар. Оқырман бұл отбасындағы жайлы атмосфераға қызыға қарайды. Өйткені Тимурдың бойында үлгілі әкенің бейнесі жиылған. Бала тәрбиесіне белсене араласады, әйелінің жағдайын жасап, эмоциялық күйін бағады. Қоғамда қалыптасып қалған «әйелдің тірлігі» деген түсінікке қарсы екенін білдіруден ұялмайды. Соның арқасында Балымбетов бүгінде өскелең ұрпаққа «грин флаг» ретінде үлгі бола алатын бірден-бір инфлюенсер болып отыр. Ер жігіттің қатаң емес, қайта жұмсақ, эмпат, принципке берік, отбасына адал болғанына қарап, оң баға алатынына дәлел болып жүр.  

    2. Дастан Оразбеков

    Дастан Оразбеков – әйгілі «Орда» тобының солисті, әнші. Қазақстандық шоу-бизнесте жаман аты шықпаған ерлердің бірі десек қателеспейміз. Өте байыпты, салмақты Дастанның отбасына деген қарым-қатынасына көпшілік тәнті болады. Әйелі — Жанат Оразбекова. Жұбайлардың бір-біріне ғашық көзбен қарайтын видеолары, сұхбаттарда айтқан ой-пікірлеріне қарап, Дастанды да «грин флагтар» қатарына қосуды жөн көрдік.

    Әртіс парақшасында отбасы туралы жиі жазады. Әсіресе, әйеліне, балаларына махаббатын білдіруден қысылмайды. Дастан мен Жанат бүгінде Алдияр және Демирель есімді екі ұл тәрбиелеп отыр. Өзі де ұлдары туралы былай дейді: «Менің мақтанышым – балаларым. Тұңғышым Алдияр өмірге деген көзқарасымен мені үнемі таңғалдырады. Осындай жап-жас кезінде оның өз философиясы, өз дүниетанымы, өмірге деген қарым-қатынасы қалыптасып қалған. Тіпті, екеуміз әңгімелескен кезде, оның менен ақылы асып жатқаны көрінеді. Кенжем Демирель – көзқуанышым, менің кішкентай көшірмем. Мен оны көрген кезде, бірден өзімді елестетемін. Ол дүниеге келгелі біздің жанұямыздың шаңырағы биіктеп, керегесі кеңейді, сол себепті ол біздің махаббатымыздың шамшырағы. Демирель анасының жүзіне қалай қуаныш сыйлау керектігін де біледі, мысалға, «Менің сұлуым, сымбаттым сол» деп еркелете кетеді. Қазірдің өзінде оның белсенділігі және тұла бойы шығармашылыққа тұнып тұрғаны көрінеді. Балаларыма дәл өзім алған тәрбиені беремін деп ойлайтынмын.

    Бірақ уақыт зымырап, заман тез өзгереді. Жаңаша жағдайларға икемделуге тура келеді және әр баланың ерекше болмысына мән беру керек екен» (автордың орфографиясы сақталды) деп жазады. Әйеліне ән арнайтын әнші екенін атап өту керек. Екеуі танысқан кезде ол Мәскеуде болып, қашықтан араласқан. Сол шақта Дастан «Тамшылар» әнін жазған. Әннің алғашқы шумағында «Сенсің — жәннат» деген жолдар бар. Әйелінің де аты – Жанат. Әнші жұбайын расында «жұмақтай сезілетін жан» деп сипаттайды. Шоу-бизнес сынды өсек-аяң көп еретін салада әйеліне құрмет көрсетіп жүрген Дастан — «жасыл жалаулар» қатарында.

    3. Еркебұлан Дайыров

    Еркебұлан Дайыров – Қазақстандағы «ең қымбат» актерлердің бірі. Талай фильмнің басты рөлдері арқылы халық ықылысына бөленген артист. Оған қоса, отбасындағы үндестік, жарына деген адалдық жағынан да көштің алдында жүреді. Жары – Ләйлә Тілеуова. Екеуінің арасы 8 жас. Бүгінде Еркебұлан мен Ләйлә үш баланы тәрбиелеп отыр.

    Актер бір сұхбатында былай дейді: «Көп қараның ішінен таңдап алған ақ тоғыз жүйрігім. Есеппен емес, ессіз сүйіп қосылдым. Менің әкем анамнан 7 жас үлкен. Мен де бұрын жас қызды жар етсем деп Құдайдан сұрайтынмын. Періштелер «әумин» деген шығар. Қылықты, ерке, балалығы бар. Сонысымен мені баурап алды. Әке-шешеммен таныстырғанда бәрінің көңілінен шықты. Бақыттымын» деген еді. Еркебұлан Дайыровтың дәл осы сөзіне көпшілік тәнті болып, талай адам сүйіктісіне осылай әдемі сөз арнап, трендке айналдырған еді.

    4. Alem — Батырхан Мәліков

    Батырхан Мәліковті көпшілік Alem деген лақапатпен таниды. Ninety One тобының мүшесі кейінгі кезде жеке әнші ретінде жиі төбе көрсетіп жүр. Оның медиадағы образы стереотиптерден ада. Салмақты, ұсақ-түйекке мән беретін, отбасын бірінші орынға қоятын және сезімін білдіруге ұялмайтын жаңа буын өкілі. Жұбайы – фешн-блогер Вероника Жанғалова. 2024 жылы Alem әке атанды.

    Инфлюенсерлердің сұхбаттарында отбасындағы сыйластық ерекше байқалады. Екеуі де ересек адам ретінде байыпты шешім қабылдайтындары көрінеді. Тіпті қазақстандық медиакеңістіктегі ерлердің ішінде декретке шыққанын мойындаудан қысылмаған азшылықтың қатарында. Бала тәрбиесіне ат салысады. Жұбайы жұмыста болса, Батырхан тіпті шақырған жерге ұлымен бірге барады. Осы сынды әрекеттері оны «жасыл жалаулы» жігіттердің қатарына қосуға сеп болып отыр.

    Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін халықаралық кинематографты бағындырған қазақстандық актерлер туралы жазған едік.