Ақтауда салмағы 6 келіден асатын бала өмірге келді

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Ақтауда салмағы 6 келіден асатын бала өмірге келді / фото: ашық дереккөзден

Маңғыстауда салмағы алты келіден асатын қыз бала өмірге келді. Шақалақтың салмағы – 6 келі 690 грамм, қазір анасы екеуі дәрігерлердің бақылауында жатыр.

Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығы дәрігерлерінің айтуынша, әйелдің жүктілігі ауыр өткен. Келіншекте қант диабеті, ауыр преэклампсия, артық салмақ сияқты диагноздары болған. Бұл іштегі балаға және оның салмағына да әсер етуі мүмкін.

Қазір сәбидің де, анасының да жағдайы бірқалыпты.

Дәрігерлердің айтуынша, жүктілікке алдын ала дайындалып, уақтылы тексеруден өту өте маңызды. Бұл әсіресе, созылмалы ауруы бар әйелдерге қатысты. Салмағы жоғары болып туған балаларда зат алмасу жүйесінде кейбір бұзылулар болуы мүмкін.

«Жүктілікті жоспарлап, алдын ала медициналық тексеруден өтіп, болашақ ана үшін барынша қолайлы жағдай жасау қажет. Бұл ана мен баланың денсаулығына төнетін қауіп-қатерді азайтуға көмектеседі», – дейді перинаталдық орталық мамандары.

Бұған дейін осы орталықта тағы бір маңғыстаулық ана 12-ші баласын дүниеге әкелген. Көпбалалы ана 2011, 2012, 2013, 2014, 2016, 2017, 2019, 2020, 2021, 2022, 2024 және 2025 жылдары босанған. Барлық баланың денсаулығы жақсы.

Осы жазда Түркістан облысында 43 жастағы көпбалалы ана үшем босанып, 11 баланың анасы атанғанын жазған едік. Оның сәбилерінің әрқайсысы 2 келі болып өмірге келген.

Сондай-ақ оқыңыз