Еділ Жаңбыршин: ЛГБТ өкілдері депутаттарға ақпараттық шабуыл жасады

Мәжіліс отырысында депутат Еділ Жаңбыршин арнайы мәлімдеме жасады. Ол заң жобасындағы ұсыныстардан кейін ЛГБТ өкілдері депутаттарға ақпараттық шабуыл жасап жатыр дейді.
«Бұл қасиетсіз топ қасиетті үйімізде ұлттық құндылықтарды аяққа таптады. Еділ Жаңбыршин, Асхат Аймағамбетов, Жанарбек Әшімжанов, Ардақ Назаров, Елнұр Бейсембаевқа ақпараттық шабуыл жасады. Біздің жеке басымызға өтіп, келемеждеді. Сол үшін арнайы контент таратылды. Бұл барып тұрған бассыздық. Заң шығарушы орган өкілдеріне қысым жасау, адам құқығын таптау», – деді депутат
Сөзінше, аты аталған депутаттар жайлы сайттарға жалған ақпарат жариялап, «олардың өзі ЛГБТ» деп жазылған. Бірақ нақты қандай сайт екенін атамады. Жаңбыршин ЛГБТ өкілдерін «ұлттық құндылықты жою үшін арнайы қаржыландырып отыр» деп есептейді.
«Бүгінге дейін ұлттық құндылықтарды жоюға бағытталған әсірефеминистік, ЛГБТ қауымдастық топ жоспарлы түрде шетелден миллиондаған доллармен қаржыландырылады», – деді ол.
Ол осы мәселе бойынша құзырлы органдарға арыз түсіргенін айтты.
«Карьеристсің дейді»
Әріптесінің мәлімдемесіне депутат Елнұр Бейсембаев та пікір білдірді.
«Мені бір карьерист, тек осындай тақырыптарды өзіне арқау етіп алады дейді. Менің нормам емес, әріптестерімнің ұсынысы. Бұл ақпараттық шабуылдың басы ғана деп ойлаймын, әлі де жасалынады. Бірақ ол нормалар біздің ұлттық позициямызға сай. Мәжіліс пен үкіметпен келісілген ортақ позиция. Эксперттердің, азаматтық қоғамның пікірін тыңдадық. Түрлі зерттеу ұйымдастырылды», – дейді ол.
Бұл заң – қорқыныштан туған заң
Екі тарап арасында дау басталуына себеп болған – депутаттар ұсынған заң жобасы. Жақында мәжіліс депутаттары ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы нормаларды заңға енгізбекші екенін жариялады. Олар ЛГБТ өкілдері өз бағытын насихаттап, жарнамаласа қудалануы керек деп есептейді.
Депутат Ринат Зайытов дәстүрлі емес жыныс өкілдерін «жексұрын» деп атап, балаларды олардан қорғау керек деді.
Өз кезегінде екінші тарап арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, заң жобасына қарсы шықты. Белсенділер сөзінше, жаңа нормалар Қазақстан азаматының базалық құқығын бұзады.
«Егер мемлекет шынымен балаларды қорғағысы келсе, ең алдымен балалар арасындағы суицид мәселесін шешумен айналысар еді. Ал «ЛГБТ насихаты туралы» заң – бұл қорқыныштан туған заң. Ол сөз бостандығын шектеу үшін қажет.
Іс жүзінде мұндай бастамалар ешкімді қорғамайды, керісінше жеккөрушілік пен зорлық-зомбылықты күшейтеді», – деді Queer.kz ұйымының жетекшісі Темірлан Баймаш.
Ол мұндай шектеулер цензураға әкеледі деп есептейді.