«Ескі куәлігі бар»: Әбенов банктер кредит бергенде дұрыстап тексермейтінін айтады

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов елдегі банктер биометриялық тексеруді дұрыс жүргізбейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, банктер клиенттердің жеке басын куәландыратын эталондық деректер базасына тікелей қол жеткізе алмай отыр.
Депутаттың айтуынша, оларда алаяқтың құрбаны болған адамдар көптеп шағымданады. Қазақстандағы ірі банктердің өзінде адамның жеке тұлғасын нақтылау жүрдім-бардым жүргізіледі. Өйткені бірде-бір банктің биометрия жүргізуге рұқсаты жоқ.
«Біз биометрияны міндетті еттік, бірақ банктер оны формалды түрде өткізеді. Тексере келгенде, клиент банкке мүлде бармаған, ал банк кредит беріп алып, «бізде оның 2014 жылғы куәлігінің көшірмесі бар» деп жауап береді. Бұл азаматтардың құқығын бұзу», – деді депутат.
Әбенов биыл тамыз айынан бері биометриясыз рәсімделген кредиттің бәрі заңсыз берілген деп тұжырымдайды.
«Биометрия өткізу үшін адамды арнайы банкке шақыру керек, адам өз аяғымен барған соң, аранайы бағдарламамен электронды үкіметтегі суретімен салыстыру керек. Бір жерде жүрген жерінен сен кредит аласың ба деп сұрау – биометрия емес.
Әбенов банктерге мемлекеттік биометриялық базаны банктерге ашық етуді және бірыңғай инфрақұрылым құруды ұсынды. Оның айтуынша, қазіргі жүйе азаматтардың жеке деректерін сенімді қорғай алмайды және алаяқтыққа жол ашады.
Егер алаяқтар адамның сыртынан кредит алса, бірден е-өтініш арқылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне арыз жазу керек. Одан кейін баннке барып, » қай кезде мен келісіге қол қойдым, биометрияны кім өткізді» деп өтініш тастау қажет.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун ведомство бірыңғай биометриялық база құру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.
«Бүгінде eGov Mobile қосымшасының 6,5 миллионнан астам қолданушысы бар. Онда биометриялық аутентификация қолданылады. Заң жобасында бірыңғай базаны құру және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау қарастырылған», – деді ол.
Биометрия мен цифрлық сәйкестендіру мәселелері қазір талқыланып жатқан «Цифрлық кодекс» жобасы аясында заң жүзінде бекітілмек.