«Мемлекет айналысуы керек»: Абзал Құспан некеден тыс туған балалар туралы

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан қазақ қоғамы «тоқал», «екінші әйелден туған бала» тақырыбын табу деп санайтынын айтты. Сол себепті туған-туысынан ұялатын кей әйел баласының құқығын жеткілікті деңгейде қорғай алмай отыр. Кей жағдайда бұған әйелдің қаржылық жағдайы де әсер етеді.
Депутаттың сөзінше, 1998 жылға дейінгі қылмыстық кодексте көп әйел алғаны, бірнеше әйелмен бірге тұрғаны үшін қылмыстық жауапкершілік болған. 1998 жылы қабылданған жаңа кодексте бұл бап алынып тасталған. Ал қолданыстағы «Неке кодексінде» мұндай әрекет үшін жауапкершілік жоқ.
«Қазақстан ратификациялаған Бала құқықтары туралы БҰҰ конвенциясына сәйкес, бала туғаннан бастап ата-анасын білуге және олардың қамқорлығын алуға құқылы. Бұл міндет мемлекетке жүктелген.
«Неке кодексінде» баланың құқығы декларативті тұрғыдан бар, бірақ өздігінен жұмыс істейтін механизм жоқ. «Тоқал», «екінші әйел» бала құқығын талап етіп, заң органдарына жүгінген жағдайда ғана жұмыс істейді», – дейді Абзал Құспан.
Ал әйел заңға жүгінбесе, баланың ешқандай құқығы болмайды.
«Жауапкершілікті мойнына алған ер азаматтарға қатысты мәселе жоқ. Әлеуметтік желіде «бір азаматтан бала таптым, ол міндеттемесін орындамай отыр» деген жағдай көп. Мұнымен мемлекет айналысуы керек. Механизмдерді іске қосуы керек. Мемлекет ер адамның мойнына материалдық жағдайын шешуді міндеттеуі керек», – дейді депутат.
Құспан нақты қандай механизмді іске қосу қажет екенін нақтыламады. Алайда бұл мәселені ресми түрде көтермейтінін жеткізді.
Даудың басы
Бұған дейін депутат сұхбаттарының бірінде «тоқал алу мәселесін заңдастыру» туралы айтқан.
«…Жап-жас қыздарды тоқал ретінде алады. Сондықтан мен бұған жан-тәніммен қарсымын. Бірақ мен қарсы болды екен деп, сіз қарсы болды екен деп, заңда тыйым бар екен деп тоқтап жатқан адам жоқ. Сондықтан мұны заңдастыру керек», – деді депутат.
Содан кейін депутат сұхбатта некесіз туған балалардың құқығы мәселесін көтергенін айтты.