«Алания» клубының күзетшілері прокурор сөзінен кейін сот залында шу шығарды

Астана сотында «Алания» клубының күзетшілеріне қатысты іс қаралып жатыр. Жарыссөз барысында прокурор екі сотталушыны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Азат Қабыкеновтің қазасы
2025 жылдың 16 ақпанынан 17 ақпанына қараған түні бір топ жігіт Азат Қабыкеновті соққыға жыққан. Салдарынан ер адам бірнеше айдан кейін аурухана төсегінде қайтыс болды.
Артынша қылмыстық іс қозғалды. Істе алты адам сотталушы деп танылған.
9 жылға соттауды сұрады
24 жастағы Фархат Тілектес пен 25 жастағы Дмитрий Торопқа адамдар тобы болып адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру кісі өліміне әкеп соқты және бұзақылық жасады деген айып тағылған. Прокурор екі сотталушыны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Содан кейін сотталушылар сот залында шу шығарды.
Сот залында үзіліс жарияланды. Жарыссөз үзілістен кейін жалғасады.
Істің мән-жайы
Істегі басты сотталушының бірі Фархат Тілектес оқиға болған күні күзетшілерге басшылық еткен. Бастапқыда марқұм Азат Қабыкеновті бір рет соққыға жығып, клубтан шығарып тастаған. Қайта кіруіне қарсы болған. Жанжал осылай басталған.
Сотталушы Сағыныш Жарылқап, Расул Тохтибакиев, Әділхан Төлеш, Жандос Януш бұзақылық жасап, адам денсаулығына қасақана зиян келтірді деп айыпталып отыр. Ішінде Төлеш «Алания» клубында небәрі алты күн жұмыс істеген. Ал сотталушы Януш жұмысты екі апта бұрын бастаған.
Айта кетейік, сотталушыларды фото-видеоға түсіруге рұқсат берілмеген.