Онкологияның алдын алатын вакцина 350 мың теңге тұрады: кімдер салдырғаны жөн

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Гардасил 9 вакцинасының бір дозасы 135 мың теңге тұрады/фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Астаналықтар адам папилломасы вирусына (ВПЧ – ред.) қарсы вакцинаны ақылы түрде салдыра алады. Бұл туралы әлеуметтік желіде жеке емхана қызметкерлері жазып жатыр.

Желідегі ақпаратқа сәйкес, қазақстандықтар Гардасил 9 вакцинасын салдыра алады. Бір дозасының құны – 135 мың теңге. Екі дозасы – 250 мың теңге, ал үш дозасы 350 мың теңге деп көрсетілген.

Адам папилломасы вирусы – жатыр мойны обыры, жыныс мүшелері қатерлі ісігінің дамуына себеп болатын вирус. Оның 200-ден аса түрі бар. Оған қарсы вакцина мектептерде 11-13 жастағы қыздарға тегін салынады. Ал басқа азаматтар өз қалауы бойынша ақылы түрде салдыра алады.

Kursiv.Media Денсаулық сақтау министрлігі мамандарына қалтасы көтермейтін қыз-келіншектер бұл жағдайда не істеуі керек деген сұрақ қойды.

«Жеке орталықтардың қаншаға сатып алып, қаншаға сатып жатқанына министрлік араласа алмайды. Біз оны бақыламаймыз. Өз тарапымыздан ересектерге де салуды қарастырып жатырмыз», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық комитет төрағасының орынбасары Роза Қожапова.

40 жасқа дейін салдыратын вакцина

Ал вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасы басшысы Нұршай Әзімбаева мұның әлі нақты шешілмегенін айтты.

«Мектептерде АПВ-ға қарсы төрт валентті вакцина 11-13 жас аралығындағы қыздарға ғана салынады. Одан бөлек 14-18 жас аралығындағы жастарға да вакцина салу талқыланып жатыр. Бұл мәселе Қаржы министрлігімен бірге талқыланады. Себебі көп қаражат қажет. Министрліктен 2026-2027 жылдарға осы бағытта қаржы қарастырылады деген жауап әлі алмадық», – дейді Әзімбаева.

Маманның айтуынша, адам есейген сайын вакцинаның тиімділігі азаяды.

«АПВ-ға қарсы вакцинаны 40 жасқа дейін салдыруға болады. Одан үлкен жастағылар бұл вирусты жұқтырған болып есептеледі. Денсаулық сақтау министрлігі 9-14 жаста салуды ұсынып отыр», – дейді басқарма басшысы.

Бір дозасының өзі пайдалы

Маманнан 18-40 жас аралығындағы қыз-келіншектер жатыр мойны ісігіне шалдықпауы үшін не істеуі қажет екенін сұрадық.

«Өндірушілердің нұсқаулығына сәйкес, вакцина егу графигі бар. Сол жерде екі не үш дозасын егу туралы көрсетіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынысына сәйкес, вакцинаның бір дозасының өзі АПВ-ның қауіпті штамынан қорғайды. Сол себепті ең аз дегенде бір дозасын алған жөн», – дейді Әзімбаева.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, екі күнде үш әйел жатыр мойны обырынан қайтыс болады. 2024 жылы Үкімет адам папилломасы вирусына қарсы вакцина сатып алуға резервтен 9,7 млрд теңге бөлді.

Сондай-ақ оқыңыз