Жаңалықтар

Бөліп төлеуге алынған тауарлар туралы дерек несие бюросына жіберіледі

Фото: kursiv.media архиві, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Халыққа өз қаражаты есебінен тауар мен қызметті бөліп төлеу арқылы сататын ірі компаниялар несие бюроларына мәлімет бермек. Бұл ақпаратта кімге қандай тауарды қаншаға сатқаны туралы дерек болады. Бұл бастама туралы «Ручная экономика» Telegram-арнасы Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, мұндай қадам азаматтардың жалпы қарыз жүктемесі туралы толық мәлімет қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Өз қаражаты есебінен бөліп төлеу ұсынатын ірі сатушылар мұндай операциялар бойынша деректерді міндетті түрде несие бюроларына беруге тиіс», – деп мәлімдеді министрлік.

Егер бөліп төлеу банктердің қарыз қаражаты есебінен ұсынылса, мұндай операцияларды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) бақылайды.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов BNPL (Buy Now, Pay Later — «Қазір ал да кейін төле») және банктен тыс бөліп төлеу жүйелерін реттеу қажет екенін айтқан. Оның сөзінше, бұл тұтынушылардың құқықтарын қорғау және азаматтардың қарыз жүктемесін бақылау үшін маңызды.

Қазір қарыз жүктемесінің коэффициентін есептеу кезінде банктен тыс бөліп төлеу түрлері ескерілмейді, өйткені мұндай ұйымдар несие бюроларына мәлімет бермейді.

Қазан айынан тауарын бөліп төлеуге беретін сатушылар екі баға көрсетуге міндетті. Тауарды қолма қол ақшаға сатып алғанда бір баға, ал бөліп төлеуге алса, басқа баға көрсетілуге тиіс.