Бейсенбаев аналар наразылығына президент неге назар аударғанын айтты

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Астанада наразылыққа шыққан аналардың мәселесіне мемлекет басшысы неге назар аударғаны жөнінде ойын айтты.

Парламент кулуарында Kursiv.media тілшісінің сұрағына жауап берген депутат армиядағы өлім жайттары қоғамдық, саяси сипат алып кеткенін жеткізді.

«Рас, мұндай проблема Қазақстанда бар. Әлемде де мұндай мәселелер бар. Бір нәрсені түсіну керек: бізде мейлінше, мемлекет басшысы айтқан «Заң мен тәртіп» формуласын барлық деңгейде енгізуіміз керек. Әлімжеттік көрсету, мықтының әлсізге тізе батыруы түбегейлі қабылданбауы тиіс. Оған бізге кәдімгідей нөлдік төзімділік қажет. Біз бала күннен бастап біреуді ңқұқығын таптауға, біреудің шекарасын бұзбауға дәріптеуіміз керек», – дейді ол.

Депуататтың сөзінше, мемлекеттік органдардың бәрі де заң аясында жұмыс істейді. Егер заңға кереғар дүниелер орын алып жатса, ол үшін ешкім жауапкершілікке тартылмаса, оларға да қызметтік шаралар бар.  

«Бірақ соңғы уақытта бұл мәселе қоғамдық, саяси ахуалға айналып кетті, одан қалды әлеуметтік желілерде азаматтар көптеп бөлісіп кетті. Әлеуметтік желілерде әскерге сенбейміз деген сыңайда ақпарат тарады. Мемлекет басшысы менің ойымша, әлеуметтік желілерді өте жүйелі қолданады. Солардың бір ортақ анализінен кейін осындай тапсырма берді», – дейді депутат.

Айта кетейік, бұған дейін Парламент кулуарында журналистердің әскерде қаза болған ұлдарын жоқтаған аналардың наразылығы жайлы сұрақтарына Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмадиевтың жауабын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз