Мәжілісте ең ұзақ депутат болған Сабильянов келесі сайлауға түсе ме

Мәжілісте ең көп жүрген әрі бірнеше шақырылымда депутат болғандардың көш басында Нұртай Сабильянов бар. Ол келесі сайлауға түсе ме? Бұл сұрақты Kursiv.Media тілшісі депутаттың өзіне қойды.
Депутат не деді
Депутат өзінің келесі сайлауға қатысу-қатыспауын партиялар шешетінін айтты.
«Оны партиялар шешеді. Өйткені келесі сайлау тек партиялық тізіммен болады», – деді ол.
Мәжілісменге «депутат болғалы қоғамда қандай да бір өзгерістер енгіздім деп ойлайсыз ба» деген сұрақ та қойылды. Сабильянов өзін қоғамға адал қызмет еттім деп есептейтінін айтты.
«19 жылдың ішінде жемқорлыққа барған жоқпын немесе біреудің мүддесін көздеп жұмыс істеген жоқпын. Халыққа адал қызмет етуге тырыстым. Абай, Шығыс Қазақстан облысының халқы бағасын береді. Мен қазір зейнеткерлік жастамын. Ары қарай да өмір мәңгілік емес. Ары қарай жеке секторда істей беруге мүмкіндігім бар», – дейді ол
Депутат экономиканы, инфрақұрылымды дамытуға, мемлекеттік сатып алу саласына өзгерістер енгізуге атсалысқанын, тұрғын үйлерді жекешелендіру, елдімекендерді ауызсумен қамтуға байланысты шаруаларды атқарғанын мәлім етті.
Kursiv.Мedia тілшісі бұған дейін Мәжілісте ұзақ уақыт отырған «ардагер» депутаттардың тізімін жасаған.