Жаңбыршин: Жастар ЛГБТ-ға түсіністікпен қарай бастады

Депутат Еділ Жаңбыршин Kursiv.media тілшісінің сұрақтарына берген жауабында ЛГБТ насихатына неге қарсы екенін түсіндіріп берді.
«Адамға екі нәрсе қажет. Мәтжан би адамда екі қарын барын айтқан: бірі көже қарын, екіншісі көңіл қарын. Сіздің айтып отырған әңгімеңіз – көже қарынның әңгімесі. Тамақ керек, тариф керек, ол маңызды, екінші маңызды мәселе – рухани, көңіл қарынның әңгімесі. Біз оны жоққа шығармауымыз керек. Адам өмір сүргеннен кейін рухани және моральдық мәселесін мемлекет қарауы тиіс. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге назар аудару керек», – дейді Еділ Жаңбыршин Kursiv.media тілшісіне.
Депутат болашақ ұрпақтың рухани және адамгершілік тұрғыдан қалыптасуы маңызды екенін айтты. Конституцияда адамның өмірі, денсаулығы мен құқығы – ең басты байлық деп жазылғанын еске салды.
«Біз экономикалық қана емес, рухани мәселелерді де Парламентте талқылауымыз керек. Қоғам да, сайлаушылар да осыны сұрайды. Балаларымыз қайда кетіп барады, неге заң қабылдамайсыңдар деп сұрайтындар көп. Біздің ер балаларымыз қыз болып, қыздар ер болып кетіп жатыр. Сондықтан болашақта бұл біздің демографиялық және экономикалық мәселемізге де әсер етеді», – деді ол.
Еділ Жаңбыршин ЛГБТ-ны мойындаған мемлекеттерде бала табу көрсеткіші төмендеп кеткенін мәлім етті. Оңтүстік Корея, Голландия, Германияда туу көрсеткіштері азайып кеткен. «Бұл манипуляция емес пе?» деген сұраққа депутат «мүмкін, сіз ЛГБТ-ны қолдайтын шығарсыз, мен қолдамаймын» деп жауап берді. Зерттеу жұмыстары жүргізіліп, респонденттердің 83-85 пайызы мемлекеттің осы бағыттарын қолдайтынын айтқанын да қосты.
«Әрине, бұл тақырыпты толық зерттеп, ғылыми жұмыстарды жүргізу керек. Көбі солардың өкілі екенін жасырады. Қазіргі ақпараттарға сәйкес, ЛГБТ қауымдастығы туралы ақпаратты көбінесе аккаунттардан алады, насихаттан біледі. Жастарымыз бұған толерантты түрде қарап кетіп жатыр. «Бола берсін» дейді. Бірақ ертең мемлекетке қалай әсер ететінін білмейді. Оларға не әсер еткенін зерттеу керек», – дейді ол.
Еділ Жаңбыршин кімдер оған мүше екенін, қандай жастағы балалар оған мүше екенін, ұлты мен тілі қандай екеніне де маңыз беру керек екенін айтты.
«Тәуелсіз зерттеулерде, Америкада сол қоғамдағы жастардың 41 пайызы суицидке барған. Канадада солардың 25 пайызы сондайға барған. Ол дәстүрлі жастарға қарағанда 4-5 есе көп. Бұл – қоғамдық проблема. Қаржыны қайдан алып отырғанын да зерттеген дұрыс. Бұлар семинарлар өткізеді? Неге белсенді? Осы мәселелерді де біздің органдар қарап, зерттеуі керек деп ойлаймын», – дейді Еділ Жаңбыршин.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс ЛГБТ насихатына тыйым салатын, сонымен бірге педофилия туралы заң жобасын мақұлдаған еді.