
Парламент мәжілісінде Цифрлық кодекс жобасы қаралып жатыр. Құжат цифрлық ортаға құқықтық мәртебе беріп, деректер мен платформаларды азаматтық айналымға енгізуге бағытталған.
Жобаны Мәжіліс депутаттары әзірлеген. Төменгі палатаның экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляеваның айтуынша, жаңа құжат цифрлық ортаға құқықтық мәртебе беріп, деректер мен платформаларды айналымға енгізуге арналған. Яғни, цифрлық деректер, жүйелер, ресурстар мен инфрақұрылым құқық объектісі болып танылады.
Депутаттың сөзінше, кодекс жобасының негізгі бөлімі цифрлық құқықтар ұғымын айналымға енгізеді. Олардың мынандай екі түрі болады. Бірі айналымдағы цифрлық құқықтар – цифрлық қаржы активтері және тауарлық цифрлық активтер болса, екіншісі – қолжетімділікті, пайдалануды және басқа да материалдық емес мүмкіндіктерді ұсынатын утилитарлық цифрлық құқықтар.
«Цифрлық деректер айналымының құқықтық режимі енгізіледі. Жазбалар түріндегі цифрлық деректер алғаш рет құқық объектісі ретінде танылғалы отыр. Бұл дегеніміз, деректер экономикалық құндылыққа ие болып, азаматтық негіздегі айналымға қатыса алады», – деді депутат.
Цифрлық кодекс жобасында алғаш рет смарт-келісімдер мен цифрлық дәлелдер ұғымдары енгізілді. Енді блокчейн не өзге жүйелердегі транзакциялар мен жазбалар сот процесінде заңды дәлел ретінде қаралуы мүмкін. Бұл қадам Қазақстанның цифрлық құқықтық жүйесін жаңа деңгейге шығарып, әділеттілікті жеделдетуді мақсат етеді.
Айта кетейік, бұдан бұрын Парламентте көптен бері айтылған Цифрлық кодекс жобасы талқыланып жатқанын жазғанбыз.