Жаңалықтар

Парламентте көптен айтылған Цифрлық кодекс жобасы талқыланып жатыр

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Цифрлық кодекс жобасын депутаттардың алдында мәжілісмен Екатерина Смышляева қорғап жатыр.

Смышляеваның сөзінше, Қазақстанда алғаш рет цифрлық құқық ұғымы заңмен бекітілмек. Мәжілісте таныстырылған Цифрлық кодекс жобасында азаматтардың цифрлық активтері мен деректерін құқықтық тұрғыдан қорғау көзделген. Енді цифрлық деректер экономикалық құндылығы бар заңды объект ретінде танылады. Бұл өзгеріс токенизация мен цифрлық активтер нарығын дамытуға жол ашады.

«Цифрлық кодекс жобасы киберқауіпсіздік жүйесін түбегейлі өзгертпек. «Ақпараттандыру туралы» заң «Киберқауіпсіздік туралы» заңға айналып, кибершабуылдарға қарсы ұлттық деңгейде қорғаныс күшейеді. Сонымен қатар, ұлттық цифрлық объектілер ұғымы енгізіліп, олар елдің цифрлық егемендігінің негізі ретінде бекітіледі», – дейді ол.

Цифрлық кодекс жобасында алғаш рет смарт-келісімдер мен цифрлық дәлелдер ұғымдары енгізілді. Енді блокчейн не өзге жүйелердегі транзакциялар мен жазбалар сот процесінде заңды дәлел ретінде қаралуы мүмкін. Бұл қадам Қазақстанның цифрлық құқықтық жүйесін жаңа деңгейге шығарып, әділеттілікті жеделдетуді мақсат етеді.

Айта кетейік, бұған дейін Цифрлық кодекс пен жасанды интеллект туралы заң жыл соңына дейін қабылданатыны жайлы жазғанбыз.