Ыстанбұл прокуратурасы қала мэрі Экрем Имамоғлуны 828 жылға соттауды сұрап отыр

Ыстанбұл бас прокуратурасы қаланың мэрі болған Экрем Имамоғлуға қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды CNN Turk. Айыптау қорытындысында барлығы Имамоғлудан бөлек 407 күдікті бар.
407 күдіктінің ішінде:
- 105 адам қамауда,
- 170 адам сот бақылауында,
- 7 адамға халықаралық іздеу жарияланған,
- 5 адам – «жәбірленуші-күдікті» мәртебесінде жүр
Құжатқа сәйкес, Ыстанбұл мэрі Экрем Имамоғлуға 142 айып тағылған, оның ішінде 12 рет пара алу, 7 рет ақшаны жылыстату, 7 рет алаяқтық жасау деректері бар. Одан бөлек шенеунік қылмыстық ұйым құрып, жетекшілік еткен, мемлекеттік мекемелерге зиян келтірген деп айыпталды. Прокуратура оған 828 жыл 2 айдан 2352 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұрап отыр.
Прокуратураның мәлімдеуінше, бұл іс қоғам үшін аса маңызды сипатқа ие, сондықтан сот процесінің барысы қатаң бақылауда болады.
Осы жылы көктемде Түркиядағы оппозициялық саясаткер, Ыстанбұл мэрі Экрем Имамоғлу қамауға алынды. Елде жаппай толқулар болып, қала тұрғындары көшеге шықты.
Имамоғлуның жақтастары оппозиционер түрмеде жатқанына қарамастан оны президентікке ұсынған.
Экрем Имамоғлу Түркия президенті Реджеп Ердоғанның басты саяси бәсекелесі саналады. Шілдеде «қызметін орындап жүрген азаматтарды көпшілік алдында балағаттағаны және қорқытқаны» үшін 1 жыл 8 айға соттады.