
Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) болжамы бойынша, 2025 жылы әлемдік мемлекеттік қарыз көлемі 111 трлн АҚШ долларына жетіп, ғаламдық жалпы ішкі өнімнің 94,7%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 2,3 пайыздық тармаққа жоғары, бірақ пандемия кезіндегі 2020 жылғы көрсеткіштен төмен.
Мемлекеттік қарыз деңгейі бойынша елдер арасындағы айырмашылық айтарлықтай. Ең төмен көрсеткіш Макао (0%) мен Лихтенштейнде (0,5%) болса, ең жоғары қарыз Жапонияға тиесілі: оның мемлекеттік қарызы жалпы ішкі өнімінің 229,6%-ына жеткен.
Сарапшылар мұны ел халқының қартаюы және ондаған жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан салықтық ынталандыру саясаты салдарымен байланыстырады. Екінші орында Судан тұр (221,5%), ал үшінші орында — Сингапур (175,6%), бірақ соңғысының қарызы бюджет тапшылығы емес, инвестицияға байланысты.
Қарызы жоғары елдердің қатарында Греция (146,7%), Бахрейн (142,5%), Италия (136,8%), Мальдив аралдары (131,8%), АҚШ (125%), Сенегал (122,9%) және Франция (116,5%) бар.
Қазақстан бұл тізімде 25-орынға табан тіреген. Мемлекеттік қарыз деңгейі ЖІӨ-нің 24,8%-ын құрайды. Бұл – әлемдік орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен және елдің борыштық жүктемесі салыстырмалы түрде қауіпсіз деңгейде екенін көрсетеді.
Дегенмен, абсолюттік мәнде Қазақстанның жалпы мемлекеттік қарызы Орталық Азия бойынша ең жоғары – 74,4 млрд доллар. Салыстырар болса, Өзбекстанда бұл көрсеткіш 42,8 млрд доллар, Қырғызстанда – 7,6 млрд, Тәжікстанда – 3,7 млрд, ал Түрікменстандікі 2,8 млрд долларды құрайды.
Айта кетерлігі, аймақ елдерінің ешқайсысының қарыз көлемі ЖІӨ-нің 40%-ынан аспайды, бұл халықаралық тәжірибеде қарыздың қауіпсіз деңгейі ретінде бағаланады. Ал ең ірі борышкерлер қатарында АҚШ (38,3 трлн доллар) пен Қытай (18,7 трлн доллар) тұр: бұл екі мемлекеттің борышы әлемдік мемлекеттік қарыздың жартысына тең.