Жаңалықтар

AlmaU әлемнің жетекші бизнес-мектептерінің қатарына енді

AlmaU Almaty Management University
фото: almau.edu.kz

Almaty Management University (AlmaU) әлемнің мыңнан астам оқу орнынан озып шықты. Алматы қаласындағы университет бизнес білім беру саласында халықаралық беделі мен жаһандық ықпалын бағалайтын Eduniversal рейтингі бойынша ең жоғары – 5 Palmes of Excellence санатына ие болды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Рейтинг нәтижелері Үндістандағы Indian Institute of Management Indore базасында өткен Eduniversal-дың 18-ші Дүниежүзілік конвенциясында жарияланды. Шешімді әлемнің жетекші бизнес-мектептерін жыл сайын айқындайтын Eduniversal халықаралық сарапшылар қауымдастығы қабылдады.

Конвенция аясында AlmaU президенті Асылбек Қожахметов «Building Strategies for Internationalization» атты панельдік пікірталасқа қатысып, жоғары білімді интернационалдандыру, орнықты даму және жаһандану жағдайындағы университеттердің рөлі туралы ой бөлісті.

Университет 2010 жылдан бері Eduniversal рейтингіне еніп, Орталық Азияның үздік үш бизнес-мектебінің қатарына кірді.

Eduniversal әлемнің 154 еліндегі мыңнан астам университетті қамтиды. Бағалау кезінде академиялық бедел, халықаралық аккредитациялар, қос дипломды бағдарламалардың болуы, халықаралық рейтингтер мен ғылыми конференцияларға қатысу сияқты көрсеткіштер ескеріледі.

«Бұл жетістік қазақстандық жоғары білімнің халықаралық беделін нығайтуға, оның жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеуге және Қазақстанды Орталық Азияның білім беру орталығы ретінде танытуға ықпал етеді», – деп бағалады ғылым министрлігі.

2026 жылы AlmaU Халықаралық университет президенттері қауымдастығының (IAUP) өңірлік конференциясын Алматы қаласында ұйымдастырады.