Тоқаев Путинмен кездесіп, келесі жылы Қазақстанға шақырды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Тоқаев пен Путин кездесуі
Тоқаев пен Путин кездесуі / фото: Ақорда

Ресейге іс-сапармен барған Тоқаев бүгін Путинмен ресми түрде кездесті. Екі тарап ортақ серіктестікті, екі ел арасындағы жобаларды атап өтті. Тоқаев бұл сапарын «осы жылдағы басты оқиға» деп баға берді.

Кремль сарайындағы Георгий залындағы кездесуді Владимир Путин ашты. Ол Қазақстан мен Ресейдің жақын серіктес және одақтас екенін айтып, оның тек сөз жүзінде қалмай «нақты атқарылған іспен дәлелденгенін» атап өтті.

Ал Тоқаев ерекше дайындалғаны үшін әріптесіне алғысын білдірді.

«Ерекше қонақжайлық үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді. Біз ресейлік тараптың барынша дайындалғанын, әрбір тұсына ұқыптылықпен қарап мән бергеніне көзіміз жетті. Біз үшін Ресейге сапар – осы жылдың басты оқиғасы», – деді Тоқаев.

Кейде арада «сұрақтар болып тұрады» дегенді де айтты.

«Иә, кейде қайшылықтар, сұрақтар туындап жатады, бірақ онсыз болуы мүмкін емес. Бірақ күн тәртібіне түскен барлық мәселелердің шешімі табылатыны қуантады. Екі жақты қарым-қатынасымызда қандай да бір мәселе туындамайтынын ерекше ықыласпен айтқымыз келеді», – деді Тоқаев сөзінде.

Ақорда басшысы екі елдің тарихындағы ортақ тұсты да еске алды.

«Сіз атап өткендей біз біртұтас мемлекет ретінде жұмыс бастағанбыз. Біртұтас саяси, гуманитарлық кеңес ретінде. Бірақ қазіргі 30-35 жас аралығындағы буын сол мемлекетті көрген жоқ. Біздің мақсатымыз – бір-біріміз туралы білімді, ұғымды және ендігі кезде Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстың жаңа геосаяси кеңістікте өрбір жатқанын сол буынға жеткізу. Біздің жастарымыз осы беймаза кезеңде ортақ серіктессіз өмір сүру мүмкін емес екенін түсіну керек», – деді Тоқаев.

Оның сөзінше, екі тарап сауда айналымын 30 млрд долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр және ол мүмкін де. Екі елдің АЭС құрылысына қатысты маңызды келісімге қол қоятын күннің алыс емес екенін де айтты. Қазақстан президенті, сондай-ақ, Путинді 2026 жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

«Қуана-қуана Қазақстанға келемін», – деп жауап берді Ресей президенті.

Тоқаев бұл күндері Ресейде ресми сапармен жүр. 11 қарашада Путинмен Кремльде бейресми кездесу өткізген еді.

Сондай-ақ оқыңыз