
Маңғыстау облысы аумағында, Каспий теңізі жағалауында оннан астам құстың өлексесі табылды. Бұл туралы Kazinform хабарлады.
Агенттік мәліметінше, өңірдегі Форт-Шевченко, Қызылөзен, Аташ және Баутино елдімекендерінің теңіз жағалауында 13 құстың өлексесі табылды. Оны жергілікті орман және аң шаруашылығы инспекциясының мамандары жинап шыққан.
Шаруашылық таратқан мәліметке қарағанда, өлекселер арасында үйрек, шағала, қаратұтан бар.
«Дегенмен зертхана сараптамасы үшін сынама алу мүмкін болмады. Себебі өлекселер шіріп кеткен», – делінген инспекция мәліметінде.
Өңірлік мекеме құстар өлекселерін жинау және жою жұмыстары туралы әкімдікті хабардар еткен. Тексеру әлі аяқталған жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, қарашаның басында Каспий жағалауында 112 итбалық өлексесі табылған.
Экологтардың мәліметінше, итбалықтардың қырылуына теңіздегі мұнай өндіру, судың ластануы сияқты факторлар әсер етеді. Қоршаған орта ластанып, итбалықтың иммунитеті әлсірейді, содан олар ауруға тез шалдығады.
2000 жылдан бері Каспий жағалауында 2 мыңнан астам итбалық өлексесі табылған.