Lifestyle

«Үш күн ұйқы жоқ»: Duolingo-дан озған Aleem қосымшасы авторымен сұхбат

Асылжан Алтай, фото: коллаж Kursiv Media

Қазақстандық стартап Duolingo-ны басып озды. Ағылшын тілін үйренуге көмектесетін Aleem стартапы жайлы отандық БАҚ осылай шулап жатыр. Іске қосылғанына үш-ақ күн болса да, қосымшаны 90 мыңға жуық адам жүктеген. App Store-да білім беру санатында бірінші орынға шықты. Қандай жоба? Қалай пайда болды? Duolingo-ны қалай басып озды? Kursiv.Media тілшісі Aleem қосымшасының жетекшісі Асылжан Алтаймен сұхбаттасты.

Қайырлы күн, Асылжан! Үш күн ішінде тредс пен инстаграмды шулаттыңыздар. Әуелі өзіңізбен жақын танысып алсақ. Қай жердің тумасысыз? Қай жерде оқисыз?

– Мен Шымкент қаласының тумасымын. Жасым 21-де, 2023 жылы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін бітірдім. Қазір Бостон қаласындағы университетте «бизнес» мамандығы бойынша грантта оқып жатырмын. Үйленгенмін, төрт айлық балам бар.

Жазбаларыңыздың бірінде ағылшын тілін үйрену оңай болмады деген екенсіз, солай ма?

– Негізі мен ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап оқыдым. Ата-анам курстарға берді, мектепте де оқыдым. 8-сыныпта Назарбаев зияткерлік мектебінен жазғы мектепке Стэнфорд университетіне бардық. Шымкенттегі, Алматыдағы мықты тіл үйрету орталықтарына қатысқанмын. АҚШ-қа өзіме өте сенімді болып барған едім. Бірақ бәрі басқаша болды. Стэнфордта әлемдегі ең мықты профессорлар дәріс оқыды, ал мен түсінбеймін. Оқушыларға арналған түрлі шаралар болды, ал мен ол жерде ешкіммен дұрыс сөйлесе алмаймын, тіпті дұрыс таныса да алмадым. Стэнфордтағы екі апта босқа өтті дей алмаймын. Университет, Пало-Алто, Силикон алқабын көргеннен кейін, Америкаға деген үлкен махаббат ашылды. Бірақ ағылшын тілін білмегендіктен және білемін деп ойлағандықтан көп мүмкіндікті жіберіп алғаным бар.

Сонда ағылшын тілін біле тұра байланыс орната алмауыңызға не кедергі болды?

– Біздің мектептерде, курстарда үйрететін ағылшын тілін – жасанды тіл. Кітаптары әдеби стильмен жазылған. Бірақ америкалықтар өмірде олай сөйлемейді, кітапта үйренген сөздерді қолданбайды, кейбірін тіпті білмейді де. Бұл жерде мен біздегі курстарды жаман дегім келмейді, бірақ Қазақстанда ағылшын тілін меңгеру деңгейі төмен. English Proficiency индексі бойынша, Қазақстан ағылшын тілін білу деңгейі көрсеткішінде 116 елдің ішінде 103-орында. Бізде мүлде басқаша оқытылады, ол үйренген тілді тұрмыста қолдану қиын.

Елге келген соң, ағылшын тілін жетік меңгеру деген мақсат қойдым. Шет тілін дәстүрлі түрде үйрететін жүйеге сенбедім. Өзім қолға алуым керек деген түсінік келді. Басқа адамдар, басқа ұлттар тілді қалай үйренеді деп көп іздене бастадым, көп тәжірибе жасадым, көп уақыт бөлдім. Бірталай кітап оқыдым, жаңа әдістер таптым. Солай 9-сыныпта ағылшынымды С деңгейге жеткіздім. IELTS емтиханынан тоғыздың сегіз балын алдым, университетке грант ұтып алдым.

Енді айналамдағы адамдар тілді қалай үйрендің деп сұрай бастады. Өзім үйренген әдіс-тәсілдің барлығын жүйелеп, Getenglish онлайн курсы пайда болды. Бірнеше жыл ішінде 35 елдің 3000-нан астам азаматтарына тіл үйреттік. Қазір инстаграмда 600 мың оқырманымыз бар. Жастарға тіл үйрену оңай болу үшін ерекше бағдарламамен үш оқулық жазып шығардық.

Мобильді қосымша осы еңбектің нәтижесінде пайда болды ма?

– Иә, солай болды. Біздің курстарымыз барлығы үшін қолжетімді емес, ыңғайлы да бола бермейді. Әрі ағылшын тілін тек жастар ғана емес, үлкен буын да үйренгісі келеді. Инженер, дәрігер болып жүрген адамдар үшін де тіл үйрену қызықты болуы мүмкін. Сол топтың барлығы үшін ортақ болатын, ұзақ жылғы еңбекті жүйелеп мобильді қосымша жасау деген идея келді. Солай сегіз ай бұрын қосымшамен жұмысты бастадық.

Жаныңызда кімдер болды? Командаңыз қандай?

– Дәл қазір сізбен сөйлесіп отырғанда жанымда туған інім де отыр. Есімі – Әлен Алтай, жасы он тоғызда. Екеуміз бірге онлайн ағылшын курстарын бастаған едік. Одан бөлек Темірлан Аманжанов, Бердібек Сапарбеков, Темірлан Темірбеков, Асанәлі Әукенов, Айя Жұма, Амаль Садекова есімді қыз-жігіттер бар. Команда студенттер мен мектеп оқушыларынан құрылған. Темірлан Темірбаевтың жасы он жетіде , әлі Семейде мектепте оқиды. Біз Бостонда оқимыз, тағы бірі Нью-Йоркта, Ресейде деген сияқты.

Әлен Алтай, Асылжан Алтай
Әлен Алтай, Асылжан Алтай / фото: Digital Bussiness

Бастапқы инвестицияны қайдан алдыңыз?

– Ешқандай инвестиция тартпадық, өз күшімізбен жасадық. Команда энтузиазммен, таза идеяға жұмыс істеп жатыр деуге болады.

Сонда өз қалтаңыздан қанша қаржы шықты?

– Ол жағын айта алмаймын, бірақ сырттан ешнәрсе тартқанымыз жоқ. Өте қиын болды негізі. Неге бастадық деп сан рет түңіліп кеткен кездер де болды. Бірақ бастысы – кіріскен дүниені соңына дейін апару керек. Алғашында жоспарымыз жүзеге аспаса да, кемінде 1-1,5 жарым жылға дейін тек идея үшін жұмыс істейміз деп келіскенбіз. Ақша жетпесе қосымша басқа жобалар табамыз, бірақ стартап үшін жұмыс істей береміз дегендей. Бір жарым жыл ол басы ғана, идеяларды тесттен өткізіп, енді түсіне бастайтын кез. Ал стартап ретінде қалыптасу үшін кемінде бес жыл қажет болады. Статистика сондай.

Aleem қосымшасы ресми түрде қашан іске қосылды?

– Үш күн бұрын ғана таныстырдық.

Сол үш күн ішінде қанша қолданушы болды?

– Жарты сағат бұрын тоқсан мың деген, жүз мыңға жақындап қалатын шығар.

Ашылғанына үш күн болды, 90 мың қолданушы. Мұндай танымалдылыққа не себеп? Сәтті маркетинг пе?

– Біріншіден – халықтың қолдауы, қазақ еліне рақмет айтамын. Бүкіл көршілес халықтарға алғысым шексіз. Соңғы посттарымызды кемінде 80 мыңға жуық рет бөліскен, жүзден аса БАҚ, пабликтер біз туралы ақпарат салды. Біз жайлы айтып жатқан контенттің 99%-на қатысымыз жоқ, виралды контент. Соңғы үш күн ішінде лентадағы жазбалардың қаралымы 3 млн-ға дейін жетті. Қырғызстан, Ресей, Әзербайжан, Тәжікстан да жазып жатыр бұл туралы.

Қазір білуімше, сіздің инстаграмда үлкен аудиторияңыз бар. Парақшада 600 мың оқырман отыр. Aleem қосымшасының таралып кетуіне сол аудиторияның әсері болды ма?

– Иә, оқырмандар бастаған шығар. Ол кісілерге рақмет. Бірақ қолдап жатқан адамдардың көбісі біз туралы естімеген, білмейді де. Тұтас ТМД-дан аудиториямыз бар. Дубайда тіпті жетінші орында тұрмыз, сол жақтағы қазақ-орыс аудиторияның ықпалы шығар деп ойлаймын.

Aleem-ді жасайтын кезде Duolingoны үлгіге алдыңыздар ма?

– Тіл үйрену саласында Duolingo ең мықты компания екені рас, ол – эталон. Бірақ әдістемесі ең мықты деуге келмес. Қосымшаны жасайтын кезде AppStore мен Google Play-дағы барлық тіл үйрету қосымшаларын талдап шықтық. Өзім телефоныма жүзшақтысын орнатқан шығармын. Duolingo-ны да қарадық. Көпшілігі «сабақтар» деген бөлімді көреді де, көшіріп алыпсыңдар ғой дейді. Бірақ Duolingo-да жоқ speaking, флеш-карта, writing деген тұстары бізде бар. Сәл салыстырып қарасаңыздар, айырмашылық білінеді.

Бірақ интерфейске де әлі қазақ тілі қосылған жоқ, дайындап жатырмыз дедіңіздер.

– Интерфейс тек орыс тілінде. Бұл – қосымшаның бастапқы нұсқасы. Барлығын енді жетілдіріп жатырмыз. Қазақ тілін неге қоспайсың дейді. Қазақ тілін үйренгісі келетіндер бар, бірақ аз. Ал ағылшын тілінде бір жарым млрд адам үйреніп жатыр. Стартап ретінде ол жағынан іскерлік көзқараспен қараймыз. Әлбетте, қазақша интерфейс қосу, қазақ тілін үйретуді енгізу жоспарда бар. Ағылшын мен қазақ тілінен бөлек неміс, француз, жапон тілін қосқымыз келеді.

«Мұндайды күтпедік»

Осындай жетістік болады деп күттіңіздер ме?

– Дәл осылай болады деп ойламадық, осынша көп адам кіреді деп күтпедік. Әрі қосымшаның жақсы нұсқасын шығардық деуге келмейдік, қолда бар нұсқасын таныстырғанбыз. Стартап әлемінде ең нашар болса да өніміңді шығарып, қолданушылардан кері байланыс алу керек дейтін түсінік бар. Бізде дәл солай мың шақты адам кірсе деп бастаған едік.

Бірақ іс жүзінде мүлде басқаша болды

– Иә, серверлеріміз құлады, шыдамады. Мұндайға дайын болмадық, кеше тіпті қосымша істемей ұят боп қалды. Сенесіз бе, команда үш күн болды ұйықтаған жоқ. Тәулігіне бір-екі сағат ұйықтап алып, ары қарай жұмыс істеп кетеміз.

Осыған дейін өткен аптада Вашингтонға барып, президентпен, Forbes тізіміндегі кәсіпкерлермен кездесу болған еді. Содан оралған бетіміз, сапарлап жүріп бір апта болды ұйқыны ұмытқалы. Кеше алты сағат ұйықтап кетіппін, соның өзіне өкіндім. Қаншама адам жазып жатыр, сұрақтар қояды, журналистер шығады. Соларға жауап берудің орнына ұйықтағаным не деп өзіме ренжіп алдым

App Store-да білім беру қосымшалары арасынан бірінші орында тұрсыздар, Duolingo-ны басып оздыңыздар. Қалай болды оның бәрі?

– Мүлде күтпедік мұндайды. Әрине, қосымшаны дайындадық, сегіз ай бойы тоқтамай жұмыс істедік, күш салдық. Дизайнына, әрбір ұсақ-түйегіне мән бердік. Қосымшаның сыртындағы 90% еңбек көзге көрінбай жатыр. Ары кетсе мың адам кірер деп ойлағанбыз. Жариялағаннан кейін қарасақ, екі жарым мың адам көшіріпті. Бір қарасақ бес мың деп тұр. App Store-да отыз төртінші орында тұрмыз, Duolingo біріншіде. Ол кезде аса мән бермедік. Ақырындап он үшінші орынға көтерілдік. Вашингтонға барып президентпен кездесіп, Нью-Йоркта болып сапарлап келген бетіміз. Үйге келсек жетінші орын, одан бесінші орынға шығыппыз.

Жолдан шаршап, сілеміз қатып тұр едік. Әлен інім «бірінші орынға шыққанша ұйықтамайық» дейді. Айтасың сенде, Duolingo-мен бәсекелес болмақшысың ба деп күлдім. Інім бой бермеді, ұйықтамаймыз, бірінші орынға шығу керек деп. Сонымен отыра қалып парақшаға контент дайындадық. Ешбір сценарийсіз, монтажсыз камераға рилс түсірдік. Оны бірнеше мың адам бөлісті, қосымшаны жүктей бастады. Үшінші орынға шықтық. Команда түсінбей жатыр, серверлер қата бастады. Әзірлеушілер стресске түсті. Aleem туралы жаппай сторис, рилс шығардық тағы. Таныстарымыз, достарымыз, туыстарымызға қолқа салдық. Таңғы бес шамасында екінші орынға шықтық, сол жерден өзгермедік. Сонымен қолымнан келгеннен бәрін жасадық деп намаз оқып, енді ұйықтағалы жатқанда інім бірінші орынға шықтық дейді. Бірден командаға хабарластық, қуандық, далаға шығып айқайладық. Duolingo – 12 жарым млрд доллар тұратын компания, маркетингіне жүздеген млн доллар құяды. Біз олардың деңгейіне қалай жеттік деп сол күйі ұйықтай алмай шықтық.

Сол үш күн ішінде жазған инвесторлар аз болмаған шығар?

– Иә, инвесторлар жазып жатыр. Бірақ әзірге бізде ресурс бар. Техникалық директорымыз Google, Microsoft сияқты компаниялардан жүз мың долларға жуық грант иеленген. Грант дегенде сервер, токендерге пайдалануға болатын кредит. Америкада ол жағынан стартаптарды өте қатты қолдайды. Маркетинг арқылы жазылушылар да өсіп жатыр. Енді біз америкалық нарықтан жақсы шартпен инвестор тапқымыз келеді.

Өкініштісі, Қазақстанда венчурлық нарық енді дамып жатыр. Компанияларды бағалау, экожүйе басқаша. Көбінде инвесторлар бірден қанша ақша таптың, кірісің қанша деп сұрайды. Америкада қолданушылардың өсіміне, статистикасына қарайды. Жақында 14 қарашада Калифорнияда Силикон алқабында өте ірі инвесторлар мен қорлар бас қосатын шара өтеді. Сол жерге компанияны 15-30 млн доллар деген бағалаумен кіріп, 1-3 млн доллар арасында инвестиция іздеп көрсек деген ниетіміз бар.

Ал қосымшаны монетизациялау жағы қалай болмақ?

– Мақсатымыз – сапалы ағылшын тілін оқуды қолжетімді қылу. Монетизацияны болашақта жарнамалау, ғылыми зерттеу жасау, ішкі білім маркетплейстері сияқты модельдер арқылы іске асырамыз. Көп детальға беріле алмаймын, себебі ол коммерциялық құпия

Бұған дейін Kursiv Media зейініңді жақсартатын стартапқа 30 мың доллар грант тартқан 16 жастағы Игорь Мартынюктан сұхбат алған еді. Жас таланттың жобасы туралы мына жерден оқи аласыз.