
Жасанды интеллект министрлігі балалардың телефон пайдалануына қарсы емес, ондай шектеулерді құптай бермейді. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың сауалына жасанды интеллект вице-министрі Дмитрий Мун осылай жауап берді.
Мәжіліс отырысында депутат Аймағамбетов балалардың телефон пайдалануына, әлеуметтік желіге жас шектеуіне байланысты тіркеуге ЖИ министрлігінің көзқарасы қандай деген сұрақ қойды.
«Қазақстанда тик-ток пен инстаграмға алты жастан, бес жастан ата-ана рұқсатынсыз тіркелуге болады. Ал басқа мемлекеттерде, мысалы Данияда, Аустралияда тіркелуге рұқсат жасы 15-16 жас, АҚШ, Ұлыбритания, Ирландияда ата-ананың арнайы рұқсаты керек. Бізде цифрлық даму министрлігінің осы мәселе бойынша позициясы қандай «, – деді ол.
ЖИ министрлігінің вице-министрі Дмитрий Мун әзірге мұндай шектеулер бола қоймайды деген пікірін білдірді.
«Қазір керісінше әлем түрлі ресурстарды пайдалану қолжетімді болатын бағытқа кетіп бара жатыр, бірақ оларды қолдану шектеулі болуы керек. Яғни белгілі бір контентті шектеу керек, бірақ дамуды тоқтатпау керек. Бұл мәселеде біз осы бағытта жұмыс істейміз», – дейді Дмитрий Мун.
Ол мектептерде телефон пайдалану жайлы да министрлік осындай ұстанымда екенін айтты.
«Цифрлық кодексте сабақта телефон ұстауға болмайды деген ережені қарастырып жатқан жоқпыз. Министрліктің ұстанымы – жаңа ұрпақты телефонды дұрыс пайдалануға үйрету. Олар жұмыс барысында технологияны, жасанды интеллектіні қолдануда артта қалмауы керек», – деп есептейді министрлік өкілі.
Жақында Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова оқушы сабақ кезінде телефон ұстаса, ата-анасына айыппұл салатынын айтқан. Мектептер енді оқушылардың ережені бұзу фактілерін тіркеп, уәкілетті органдарға хабарлай алады.