
Блогерлер автокөлікті жай жүріс-тұрыс құралы деп емес, беделін көрсетіп, елден ерекшеленудің жолы деп те қарастыратын болған. Олай дейтін себебіміз көбі басқа елден арнайы тапсырыспен алдырып, детейлиң орталықтарға әсемдеу үшін сеніп тапсырады. Яғни өмір сүру стилін һәм пәлсапасын көрсетудің амалы десек те болады. Дегенмен қарапайым, бірақ өте жайлы әрі үнемді көлік таңдайтындары да жоқ емес. Жайлы, үнемді автомобильді құп көретіндерді де бүгінгі материалымыздан таба аласыздар. Kursiv.Media тілшісі еліміздегі белгілі жұлдыздардың тізгіндеп жүрген темір тұлпарларына шолу жасап шықты.
Еуропалық көлік мінетіндер
Мадина Мамадалиева (Madlen) – Lamborghini Urus
Fashion-блогер, кәсіпкер Мадина Мамадалиева италиялық Lamborghini Urus мінеді. Бұл көлігін блогер арнайы тапсырыспен Дубайдан алдырған. Алғашында ашық жасыл түсті болған тұлпарын Мадина қазір қызғылт түске «бояп» алды. Блогердің сүйікті түсі ғана емес, өзі айналысып жүрген косметика брендінің де түсі pink болғандықтан, осындай шешімге келген болса керек. Себебі көліктің сыртында Мадлен брендінің жапсырмасын жапсырып қойған.
Былтыр алған кездегі бағасы 200 млн теңгеден астам болған. Инфлюенсердің сөзіне сенсек, машинаны алуға жылдар бойы жинаған бар қаражатын салған. Оған қоса, елге әкелгеннен кейін сыртына жабыстыратын қорғаныш қабат, сақтандыру сынды шаруаларға да әжептәуір ақша кеткен. Тіпті қысқы шинасына 3,5 млн теңге жұмсапты.
Анель Кенжебекова – Porsche Taycan
Стилі ерекше, эстетикаға толы контентімен танымал жас блогер Анель Кенжебекова жақында ғана су жаңа көлігін салоннан алды. Ол Porsche Taycan мініп жүр. Түсі де ерекше – тиффани. Taycan спорт седандар қатарына жатады. Porsche-нің модельдері қатарындағы алғашқы электрокар. 4 секундта зу етіп 100 км/сағат жылдамдық алуға қауқарлы. 450 шақырымға дейін қуаты шыдас береді. Қазақстандағы бағасы 94 млн-нан бастап 120 млн теңге аралығында. Анель көлігін салонда қабылдап алып жатқан сәттен видео салып, «+1 машина» деп сүйіншіледі. Кейіннен осы көлікті алуға көп еңбектенгенін айтып, «Байдың қызы болғасын әке-шешесі алып берді» деп жазбаңдаршы деген болатын.
Бейбіт Әлібеков – Porsche 911 Turbo S
Машинаның түр-түрін мінетін, белгілі блогер Бейбіт Әлібеков қазір Porsche 911 Turbo S тізгіндеп жүр. Тарихтағы ең аты аңызға айналған, мықты спорткардың бірі. Әлібеков бұл көлікті алғанын 2023 жылы парақшасына салған еді. Porsche орталықтың алдында түсірілген видеода «Мені құттықтай берсеңіздер болады. Отбасымызға қош келдің» деп жазды. Германиялық бұл брендті мақтаудың өзі артық. Бар болғаны 2,7 секундта оталатын, 650 аттың күші бар қуатты автокөлік. 2025 жылғы жаңа нұсқасын алғыңыз келсе, бағасы 205 миллион теңге шамасында. Жақында ғана блогер қызымен осы Поршеге отырып саяхаттап келді.
Шавкат Рахмонов – Mercedes-Benz G-Class
UFC жауынгері Шавкат Рахмоновта өзіне сенімді, темірдей тәртіпті жақсы көретін адамдар таңдайтын Mercedes-Benz G-Class көлігі бар. Ел арасында жай ғана «Гелик» деп аталатын бұл көлік спортшыға құйып қойғандай жарасатыны сөзсіз. Жол талғамайтын көлік нағыз престиждің белгісі іспеттес. G63 AMG нұсқасының қозғалтқышы V8 4.0 л, 585 аттың күші бар. Бағасы орта есеппен 130 млн теңге шамасында. Шавкат көлігіне жақсы күтім жасайды. Детейлиң орталықтарға тапсырып, жиі іші-сыртын жаңартып отырады.
Сәния Тасболатова – Bentley
Танымал кәсіпкер, гүл сататын орталық иесі Сәния Тасболатова көпшілікке қызғылт түсті, сүп-сүйкімді Bentley көлігімен танымал. Елден ерекшеленетін бұл кабриолет кәсіпкерге керемет үйлеседі. Рөлі жұмсақ, интерьері қыздарға жарасады. Қоғамдағы эстетикаға құмар образына сай. Bentley-дің Алматыдағы ресми дилерінің сайтында бағасы шамамен 160 млн теңгеден басталады деп тұр.
Оңтүстік Кореяның көліктерін таңдағандар
Ержан Алдабергенов – Hyundai Santa Fe
Кәсіпкер әрі подкастер Ержан Алдабергенов оңтүстіккореялық брендтерге көбірек сенім артады. Оның мініп жүргені Hyundai Santa Fe кроссовері. Сұхбаттарда да Ержан қытайлық жаңа брендтерден гөрі Hyundai мықтырақ екенін жиі айтып қалады. Қала ішінде әрі-бері жүруге өте қолайлы машина. 2025 жылғы моделінде дизайны жаңарғандықтан, салоны кеңірек бола түскен. Hyundai Kazakhstan ұсынған ресми деректер бойынша бағасы шамамен 19 млн теңге.
Қытайдың машинасын мінетіндер
Қанат Бейсекеев — Geely Atlas 4WD
Режиссер, подкастер, документалист Қанат Бейсекеевтің көлігі – Geely Atlas 4WD. Минимализмді жақсы көретіндерге таптырмайтын нұсқа. Дизайны ерекше, мультимедиасы заманауи. Қалада тұратындарға өте үнемді әрі ыңғайлы көлік екенін атап өту керек. Geely Kazakhstan деректері бойынша бағасы 14 млн теңгеден басталады. Кейінгі кездері қытайлық көлік отандық нарықта көбейді. Кейбірі сапасына сын көзбен қараса да, Қанат бұл көлікті алғанына еш өкінбейтін сыңайлы. Өйткені сөз арасында үнемі мақтап отырады.
Қыран Талапбек – Rox 01
Блогер, мобилограф Қыран Талапбектің таңдауы қытайлық Rox 01 көлігіне түскен. Қазақстан нарығына былтыр ғана кірген жаңа марка. Дизайны ерекше, жол талғамайтын көлік. Жоғары технологиялармен жабдықталған, биік машинаның ресми дистрибьюторы – DOSCAR компаниясы. Қыран бұл көлікпен жиі сапарға шығады. Жолда қалай жүретіні туралы да арагідік бөлісіп отырады.
Америкалық көлік таңдағандар
Еркебұлан Тоқтар – Jeep Cherokee
Спортшы, актер Еркебұлан Тоқтар қайсар мінезімен танымал. Тайсалмай бетке тіке айта салатын спортшы сөзден гөрі істің адамы екенін айтып жүреді. Ол өзінің сол қасиетіне сай америкалық жол талғамайтын көлікті таңдаған екен. Қазір Еркебұлан Jeep Cherokee мініп жүр. Алыс жолға жақсы шыдайтын, жолда қалдыра бермейтін мықты машина. Жаңа модельдерінің нарықтағы құны шамамен 39 млн теңгеден басталады.
Бұған дейін жеке кәсібін бастаған қазақстандық жұлдыздардың біразын тізіп шыққанбыз. Бұрын блогерлер мен вайнерлер дәуірі енді қызып жатқан шақта көбі өз атынан ашқандай фаст-фуд желілерін, мейрамхана жұмыстарын жүргізген. Ал кейінгі кездері киім, IT-жоба, бьюти сынды салаға кіретіндер көбейіп жатыр. Сондай-ақ блогерлер мен жұлдыздар отандық брендтерді жиі таңдайды. Қай блогер қандай брендті қолдайтынын мына жерден оқуға болады.