Жаңалықтар

Ақмола облысының әкімі брифингте сұрақ қойған тілшілермен дауласып қалды

Ақмола облысы әкімі
Screenshot

Бүгін Орталық коммуникациялар алаңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы есеп берді. Әкім журналистердің сұрағына жауап беретін кезде тілшілердің сауалына көңілі толмай, ренішін айтты.

«Абсурд сөздер айтпаңыз»

Әкімге сұрағы ұнамағандардың бірі – «Хабар» арнасының тілшісі. Ол мемлекет тарапынан әлжуаз топтар үшін сатып алған баспаналардың сапасы жайлы сауал қойды.

«Бөлінген пәтердің сапасы жайлы «қирап жатыр» деген шағымды жиі естиміз. Ендеше мұндай әдіс қаншалықты тиімді», – дейді журналист.

Марат Ахметжанов бұған келіспеді.

«Маған нақты айтыңызшы, қай жерде не қирап жатыр? Мұндай абсурд сөздер айтудың не керегі бар? Біз сатып алған үйлердің қайсысы бүлінген? Барлық тұрғын риза. Тек Қосшы бойынша белгілі бір мәселе бар. Ол жерге әлі орналасып болған жоқ. Қазір жылу бойынша мәселені шештік», – деп дауысын көтере сөйледі әкім.

Облыс әкімінің сөзінше, осы жылы жазда «Отбасы банк» арқылы 543 пәтер сатып алынған. Бірақ әлі тұрғындардың қолына тиген жоқ, жыл соңына дейін таратылуы керек.

«Сатып алынған пәтерлер ыңғайлы. Бурабайдағы пәтерлерде екі-үш дәретхана бар. Қабырға биіктігі үш метрге дейін жетеді. Ол жерде кәсіпкерлер, бизнесмендер тұрады. Сіз «Хабардан» бола тұра, дұрыс айтпай тұрсыз», – деді әкім тілшіге.

Дәретханалар тазалығына әкім жауап бермейді

Ал Nur.kz журналисі Яна Яковлева жол бойындағы дәретханалар туралы сұрақ қойды.

«Астана-Бурабай трассасындағы дәретханалар жайлы көпшіліктен жиі сын естиміз. Дәретханалар сапасын реттеу үшін әкімдік қандай шаралар қабылдап жатыр», – деп сұрады тілші.

Әкім бұл сұраққа жауап беру әкімдік құзырында емес екенін айтты.

«Трассада 28 дәретхана бар, оларға «ҚазАвтожол» қызмет көрсетеді. Ол жерде қандай шағым бар? Тағы да жалпылама сөз бе? Мен өзім ары-бері жүремін, таза, жылы, ыңғайлы. 200-300 шақырымға 28 дәретхана бар. Сіздер осы сұрақтарды қайдан аласыздар? Менің құзыретімде емес, «ҚазАвтожолға» қарайды. Бірақ барып тексеріп жүрмін, таза бәрі», – деп жауап берді өңір басшысы.

Жыл соңында облыс әкімдерінің есеп беруі дәстүрге айналған. Осыған дейін Абай облысы әкімі Берік Уәли баяндамасымен тілшілер алдына шыққан еді. Ол өңірдегі жылу мәселесі қалай шешілгені, алтын өндіретін ірі кәсіпорындар мен 15 млрд теңгеге салынатын жаңа стадион жайлы айтты.

Ал Берік Уәлидің әкім ретіндегі алғашқы жылы қалай өткені жайлы мына материалдан оқи аласыз.