Жаңалықтар

Еуразиялық банк мемлекет көмегінің бір бөлігін мерзімінен бұрын өтейді

Фото: Еуразиялық банк

17 қараша күні KASE биржасында Еуразиялық банктің облигацияларын 30 млрд теңге көлемінде кері сатып алуға арналған арнайы сауда-саттық өтеді. Бұл туралы Finmentor телеграм арнасы жазды.

Аталған бағалы қағаздар 2017 жылдың 18 қазанында 15 жыл мерзімге, жалпы сомасы 150 млрд теңге көлемінде, жылдық 4 пайыз мөлшерлемемен орналастырылған. Облигациялардың толық көлемін банкке дағдарысқа қарсы қолдау көрсеткен Ұлттық банктің еншілес ұйымы – «Қазақстанның тұрақтылық қоры» АҚ сатып алған еді.

Бұған дейін Еуразиялық банктің директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов мемлекеттік көмектің 30 млрд теңгесін мерзімінен бұрын қайтаратынын мәлімдеген еді.

2025 жылы 30 маусымдағы қаржылық есепке сәйкес, облигациялар шығарылымының номиналдық құны – 150 млрд теңге, дисконт – 82 млрд теңге, ал баланстық құны – 68 млрд теңге. Осыған байланысты 30 млрд теңгені мерзімінен бұрын өтеу шамамен 16,4 млрд теңге көлеміндегі бухгалтерлік шығынға әкелуі мүмкін. Бұл көрсеткіш қараша айындағы қаржылық есепте көрініс табады деп болжануда.

Мемлекетке тікелей пайда түспейді

Finmentor мәліметінше, мемлекеттік көмектің мерзімінен бұрын қайтарылуы – бұл жағдайда мемлекеттік бюджетке тікелей табыс әкелмейді. Себебі қаражат Қаржы министрлігіне емес, Ұлттық банктің еншілес ұйымына түседі.

Осылайша қаражат Ұлттық банктің ішінде қалып, мысалы, «7-20-30» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасын немесе өзге де қаржы құралдарын қаржыландыруға қайта бағытталуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Kursiv.Media басылымы Шодиев пен Машкевичтің ЕФК-ны сатқысы келгенін, ал Ибрагимовтар отбасының бұған қарсы болғанын жазған. Сондай-ақ Еуразиялық банк мемлекет көмегінің бір бөлігін жыл соңына дейін қайтаратынын да мәлімдеген болатын.