Бишімбаевтың анасы миллион долларды не үшін үйінде сақтаған

24 жылға сотталған Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова миллион долларды не себепті үйінде сақтағанын айтты.
Айта кетейік, Нұрлыбекова туысы Бекзат Кемеловамен соттасып жатыр. 2023 жылы Нұрлыбекова Кемеловаға 990 мың долларды сақтап қою үшін берген. Кемелова ақшаны өз қалауы бойынша пайдаланып қайтармаған. Сотта ақшаны алғанын мойындамады.
Альмира Нұрлыбекова миллион доллар ондаған жыл бойғы еңбегінің нәтижесінде жиналған қаражат екенін айтты.
«Кез келген соманы долларға айырбастап отырамын. Теңгенің тұрақсыз екенін білеміз», – дейді ол.
Айтуынша, 2017 жылы ұлы Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқанда шоты бұғатталып қалған. Істе қаражат «заттай айғақ» деп танылған. Ал ақшасының бір бөлігі үйінде сақталған. Сол кезде қаражатты Кемеловаға сеніп тапсырған.
«2017 жылы Кемелованың сейфінде ақшамызды бір жыл сақтадық. Бір жылдан кейін қайтарып берді. Ұлымның түрмеде ұзақ отырмайтынын түсініп, артық сөзсіз қайтарды», – дейді Нұрлыбекова.
Кемелованың атына тіркелген мүлік Қуандық Бишімбаев бостандыққа шыққаннан кейін отбасыға қайтарылған. Алайда Кемелова құжаттарын әлі де бермей отыр.
«Қолхат алған жоқпын. Арамызда сенімге құрылған байланыс болды. Жақынымыз еді. Құжат пен мүлік туралы ойлайтын жағдайда емес едім», – дейді Бишімбаевтың анасы.
«Кек алып жатыр»
Кемелованың адвокаты Игорь Вранчевтің айтуынша, сотталушының күйеуі Қайрат Кемелов бұрын сот-медициналық сарапшы болып жұмыс істеген. Бишімбаевтың отбасы Нүкенованың өліміне қатысты сараптама қорытындысы Қуандық Бишімбаевтың пайдасына шешілуі үшін одан көмек сұраған. Туысы мұндай көмек көрсетуден бас тартқан. Кемеловтер мұны көмек көрсетуден бас тартқаны үшін кек алып жатыр деп санайды.
Алайда Бишімбаевтың анасы кек алу туралы пікірді жоққа шығарды.
«Қандай кек? Ұлым түрмеде отыр. Ұзақ жылға соттады. Мен не үшін кек алуым мүмкін?», – деді Нұрлыбекова.
Ол сондай-ақ сотталушының күйеуі Қайрат Кемеловке сот-медицина сарапасы қорытындысын өзгерту туралы өтінішпен жүгінбегенін айтты.