
Қазақстанның халық әртісі, әлемге әйгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызы шығармашылық жолының 30 жылдығына орай Франция астанасы Париждегі әйгілі Гаво залында жеке концертін өткізді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Концерт бағдарламасына қазақ, француз, итальян, орыс және қытай классикасынан таңдап алынған шығармалар енгізілді. Кеш барысында тыңдармандарға «Біржан мен Сара», «Ер Тарғын» және «Абай» операларынан ариялар, сондай-ақ Майра Мұхамедқызының орындауындағы қазақтың халық әндері ұсынылды.
Көрермендер әншінің вокалдық шеберлігі мен сахна мәдениетіне тәнті болып, ұзақ қол соғып, ыстық ықылас танытты.
Сахна төрінде Майра Мұхамедқызымен бірге пианист Әлияр Өтетілеу және Шымкент қалалық опера және балет театрының квартеті өнер көрсетті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Париж төрінде қазақтың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы аталып өткен еді.