Lifestyle

Марат Омаров Нұрлан Өнербаевқа «Анашым» әнін айтқызбай қойды ма

коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Белгілі әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев 37 жыл бойы орындап келген әйгілі «Анашым» әнін енді шырқамайтынын мәлімдеді.

Мұндай шешімнің қабылдануына туындының авторы, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Марат Омаровтың өтініші себеп болған.

Марат Омаровтың айтуынша, әншіден әнді орындауға тыйым салмаған, бірақ концерттерде автордың есімі аталмаған соң, көпшілік туындыны Нұрлан Өнербаевтың өз әні деп қабылдап кеткен.

«Мен оған тыйым салған жоқпын, тек «егер концерттерде авторды атамайтын болсаң, онда бұл әнді айтпағаның дұрыс» дедім. Халық «Анашым» әнін Нұрланның өзінікі деп ойлайды», – деді Марат Омаров Bugin Live бағдарламасында.

Нұрлан Өнербаев шешім 2023 жылы ресми түрде қабылданғанын айтты.

«Автордың өз өтініші болды, сол себепті концерттерімде бұл әнді енді шырқамаймын. Кейде көрермен сұрағанда қысқаша айтып кететінім рас, бірақ ол енді менің репертуарымда жоқ», – деді әнші «Таң Нұры» бағдарламасында.

Айта кетейік, «Анашым» әні алғаш рет 1980-жылдардың соңында жарық көріп, қазақ эстрадасының ең танымал әрі жүрекке жылы шығармаларының біріне айналған.

Марат Омаров, бірнеше жылдан бері АҚШ-та өмір сүріп, сол жақта шығармашылықпен айналысып жүр.