Қазақстанның 6 банкі бірыңғай QR жүйесіне қосылды

Қазақстандықтар енді бірыңғай QR арқылы төлем жасай алады. Бұл жүйеде әзірге Қазақстанның ірі 6 банкі бар. Олар: Halyk,, Freedom, RBK, Home Credit, БЦК, Altyn bank. Жыл соңына дейін тағы үш банк қосылады.
Ал 2026 жылы бұл жүйемен елдегі бүкіл банк жұмыс істейтін болады. Жүйе Central Asia Fintech Summit 2025 саммиті барысында іске қосылды.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл жүйеге банктердің бәрін қосуға көп уақыт пен күш керек.
«Қазір біз бүкіл банктің осы жүйеге қосылуының заңнамалық негізін жасап жатырмыз. Сондықтан келесі жылы бүкіл банк бірығай QR-ды пайдаланады», -деді ол.
Сүлейменов жүйе жұмысын енді бастап жатқандықтан, қанша халықты қамтитынын айтуға әлі ерте екенін айтады.
Бірыңғай QR – бұл бір ғана код арқылы төлем жасауға мүмкіндік беретін жаңа буындағы цифрлық төлем жүйесі. Енді дүкенге барғанда немесе онлайн сауда жасағанда, түрлі банктің өз QR-кодын іздеп әуре болмайсыз. Бірыңғай QR-кодты сканерлеп, өзіңіз пайдаланатын кез келген банк қосымшасы арқылы төлем жасай аласыз.
Бұл жүйенің басты мақсаты – төлемді барынша оңай, қауіпсіз және ыңғайлы ету. Бұған дейін әр банк өз QR-кодын ұсынатын. Ал енді олардың барлығы бірыңғай стандартқа біріктіріліп, бүкіл ел бойынша жұмыс істейтін ортақ жүйе құрылады.
Бұған дейін елдегі 9 банк бірыңғай жүйеге қосылу туралы келісімге қол қойғаны хабарланған.