
Қырғызстандық боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі Екатерина Биволға Қазақстан Ішкі істер министрлігі бұған дейін іздеу жариялаған. ІІМ басшысының орынбасары Санжар Әділов оның Қазақстанға экстрадациялануы мүмкін екенін айтты.
Сенат кулуарында Санжар Әділов күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасып жатқанын айтты.
«Біз Ресей полициясымен байланыстамыз. Ол (Екатерина Бивол – авт.) ұсталған жағдайда біз Бас прокуратура арқылы оны экстрадициялау мәселесін көтереміз», – деді Әділов.
Вице-министр экстрадиция туралы соңғы шешімді Бас прокуратура қабылдайтынын атап өтті.
Екатерина Биволдың үстінен бір емес екі мемлекет – Қазақстан мен Қырғызстан полициясы іс қозғаған. Оған Биволдың қазақтар мен қырғыздарды қорлап сөйлегені себеп болып отыр. Әлеуметтік желілерде бірнеше рет екі ұлтты қорлайтын сөз айтқан Екатерина Бивол «мені Ресей билігі сендерге оңайлықпен бере қоймайды» деген. Қазақстанда оған «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тағылған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Ішкі істер министрлігі Екатерина Биволға іздеу салғанын жазған едік.