Қазақстан Финляндияға уран жеткізу туралы келіссөз жүргізіп жатыр
Жарияланды

Қазақстанда шамамен 1 млн тонна табиғи уран қоры бар. Бұл атом электр станцияларын алдағы 60 жыл бойы тұрақты отынмен қамтамасыз етуге жеткілікті. Бұл жайлы Сенат кулуарында Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин мәлімдеді.
Оның айтуынша, республика аумағында әлі де толық зерттелмеген және барланбаған уран кен орындары бар. Қазір ел билігі екі жаңа атом электр станциясы салынып жатқан Финляндиямен уран жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.
«Қазақстанның уран қоры ұлттық қажеттілікті толық өтей алады. Сонымен қатар біз экспорт әлеуетін де сақтап отырмыз», – деді Серғазин.
Айта кетейік, бұған дейін «Қазатомөнеркәсіп» уран өндірісін арттырғанын жазған едік.