Қазақстан ұлттық автомобиль брендін жасайды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Сурет ЖИ арқылы жасалды

«Бәйтерек» холдингі PROTON компаниясымен Қазақстандағы автомобиль өнеркәсібін дамыту жөнінде меморандумға қол қойды.

Меморандум не жайлы

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінде Малайзияның Perusahaan Otomobil Nasional Sdn. Bhd. (PROTON) автомобиль компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжаттың мақсаты – Қазақстандағы автомобиль өнеркәсібін дамыту және ұлттық автокөлік өндірушісін қалыптастыру. Меморандумға холдинг тарапынан Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, ал PROTON тарапынан корпоративтік стратегия жөніндегі вице-президент Айнол Азмил Абу Бакар қол қойған.

Келісім не береді

«PROTON компаниясымен ынтымақтастық отандық автокөлік өнеркәсібін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Серіктестеріміздің тәжірибесі мен технологиялары заманауи өндірістік базаны қалыптастыруға, ұлттық автомобиль бренді мен елдің индустрияландыру және экономикалық өсіміне үлес қосатын жобаларды іске асыруға негіз болады», – деді Рустам Қарағойшин.

Өз кезегінде PROTON компаниясының вице-президенті Айнол Азмил Абу Бакар меморандумға қол қою Малайзия компаниясының Қазақстандағы халықаралық серіктестігін кеңейтудегі маңызды қадам екенін атап өтті.

«Қазақстанның стратегиялық бастамасының бір бөлігі болуға қуаныштымыз. Біздің тәжірибе мен технологиялық шешімдер жергілікті өндірісті дамытуға және екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді», – деді ол.

Келісім аясында техникалық-экономикалық зерттеулер жүргізу, жергілікті серіктестерді анықтау және қаржыландыру тетіктерін пысықтау көзделген.

«Бәйтерек» холдингі отандық машина жасау саласын дамыту және халықаралық инвестициялық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастырады.

Сондай-ақ оқыңыз