Жаңалықтар

Зейнетақы жарналарын төлемегендердің банк шоттары бұғатталады

Фото: kursiv.media архиві

2026 жылдан бастап зейнетақы жарналарын төлеу тәртібі өзгереді.

Қазақстан Үкіметі зейнетақы жарналарын есептеу және аудару тәртібін реттейтін бірқатар қаулыға өзгерістер енгізді. Жаңартылған талаптар жұмыс берушілерге, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға, жеке практикамен айналысатын тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге қатысты болмақ. Жаңа ережелер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Қаулы нені көздейді

Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған қаулы бойынша міндетті кәсіби зейнетақы жарналары (МКЗЖ) енді Салық кодексінде көрсетілген қызметкерлердің барлық айлық табысынан есептеледі. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимін қолданатын жеке тұлғалар БЖЗҚ-ға (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) жарналарды өздері есептеп, оны айдың 25-іне дейін ай сайын аударып отырады.

Құжатта зейнетақы жарналарын уақтылы төлеуді бақылаудың жаңа тетіктері қарастырылған. Мәселен, міндетті немесе кәсіби зейнетақы жарналары бойынша қарыз көлемі алты айлық есептік көрсеткіштен (2026 жылы бір АЕК – 4 325 теңге, тиісінше жалпы сома – 25 950 теңге) асып кеткен жағдайда, жергілікті мемлекеттік кірістер органы бес жұмыс күні ішінде борышкерге қарыз туралы хабарлама жолдайды.

Егер бұл қарыз хабарлама берілгеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде өтелмесе, борышкердің банктік шоттары мен қолма-қол қаражаттары бойынша барлық шығыс операциялары тоқтатылуы мүмкін.

Сонымен қатар зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін мамандар үшін жұмыс беруші енді кәсіби зейнетақы жарналарын ай сайын өз есебінен төлеуге міндетті. Жарна көлемі қызметкердің барлық айлық табысына байланысты есептеледі. Бірақ салықтан босатылған кейбір төлемдер бұл есепке кірмейді.

Жаңа талаптар өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, жеке кәсіпкерлерге, тіпті интернет арқылы қызмет көрсететіндерге де қатысты. Енді олар БЖЗҚ-ға жарнаны өздері есептеп, ай сайын, келесі айдың 25-іне дейін аударып отыруы тиіс.

Ережелерге алғаш рет «платформалық жұмыспен қамту» ұғымы енгізілген. Енді интернет-платформалар мен мобильді қосымшалардың операторлары осы платформалар арқылы қызмет көрсететін азаматтар үшін жарна төлеу агенті ретінде әрекет етеді.

Айта кетейік, бұдан бұрын Енді БЖЗҚ қаржысын ипотека жабу үшін пайдалануға болатынын жазғанбыз.