
Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) нұсқамаларын орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін 18 лауазымды тұлға мен 4 мемлекеттік орган әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл жайлы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Істі болғандар қатарында:
- Ұлытау облысы әкімінің орынбасары,
- Түркістан қаласы әкімінің орынбасары,
- Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары бар.
» Жоғары аудиторлық палата нұсқамаларының 4 тармағын орындамауға байланысты Ұлытау облысының Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының әкімдіктеріне қатысты сотқа талап қою бастамасы көтерілді. Мәселелер қаралу сатысында», – деп хабарлайды ұйымның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы, «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметкерлері, бірнеше облыс басқармалары мен министрлік департаменттерінің басшыларына да шара қолданылды.
Бұдан бөлек, 4 мемлекеттік орган Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті, Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу комитеті, Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті және Қызылорда облысы әкімінің аппараты да әкімшілік жауапқа тартылды.
Ведомство түсіндіруінше, ЖАП нұсқамасы – нақты бұзушылықтар немесе кемшіліктер анықталған жағдайда берілетін ресми мемлекеттік құжат. Құжатта нені түзету керек, кім жауапты және қандай мерзімде шара қабылдау керек екені нақты көрсетіледі. Егер құжаттағы шаралар орындалмаса, жауапты тұлғалар мен органдар заңмен жазаланады.
Бұған дейін ЖАП қызметкерлері ветеринариялық, фитосанитариялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты 28 лауазымды тұлғаны жауапқа тартқан еді.