Жаңалықтар

Қаржы секторындағы жасанды интеллектіні реттейттін бірыңғай стандарт жоқ

Фото: .kursiv.media, бильд-редадактор Ахтам Зиперов

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, Қазақстанның қаржы нарығында жасанды интеллектіні (ЖИ) пайдалануға байланысты бірыңғай стандарт мен ортақ тәсілдер қалыптаса қойған жоқ. Бұл туралы ол Central Asia Fintech Summit 2025 (CAFS 2025) пленарлық сессиясында мәлімдеді.

Әбілқасымованың сөзінше, қазіргі кезде қаржы ұйымдары мен нарық қатысушылары ЖИ технологияларын өз бетінше, әртүрлі тәсілмен енгізіп жатыр. Нәтижесінде деректердің сапасы төмен, жүйеленуі нашар және әртүрлі форматта сақталады. Бұл жайт болашақта өзара интеграция кезінде қосымша қиындық туғызуы мүмкін.

ҚНРДА төрайымы келер жылы агенттік осы мәселелерді шешу бағытында жұмыстар жүргізіп, ЖИ-ді қолдануға қатысты стандарт пен тәсілдерді біріздендіруге ниетті екенін айтты.

«Жасанды интеллектіні реттеу қазіргі қолданылып жүрген дәстүрлі тетіктерге сүйенуі керек. Бірақ генеративті ЖИ қаржы ұйымдарының модельдері мен тәуекелдерді басқару жүйелеріне әсер етуі мүмкін қосымша қауіптерді тудырады. Сондықтан мұндай модельдерге тән тәуекелдерді дұрыс басқаруға мүмкіндік беретін қосымша қорғаныс тетіктері қажет», – деді Мәдина Әбілқасымова.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтың айтуынша, орталық банк жасанды интеллектті дамытуға арналған арнайы зерттеу жүргізіп, жылдың соңына дейін қаржы нарығындағы ЖИ стратегиясын таныстырмақ.