Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық көмек жіберді

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық көмек жіберді / Фото: ТЖМ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы әрі Үкіметтің қаулысына сәйкес жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Ауғанстан халқын қолдау мақсатында гуманитарлық көмек жіберілді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратына сүйенсек, Қазақстан мемлекеттік материалдық резервтен дәрі-дәрмектер, медициналық құралдар, төсек-жабдықтар, шатырлар және өзге де қажетті заттарды жөнелткен. Бұған қоса, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін арнайы дәрігерлер тобы жасақталып, жолға шықты. 

«Гуманитарлық жүктің құрамына жалпы салмағы 18 тонна болатын 34 атау енгізілді. Жүк Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ұшағымен жеткізіліп, гуманитарлық көмек бүгін ауған тарапына табысталады», – делінген хабарламада.

Гуманитарлық көмекті аттандыруға «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі қолдау көрсеткен.

Айта кетейік, 3 қарашаға қараған түні Ауғанстанның солтүстігіндегі магнитудасы 6,3 болатын жер сілкінісі болды.

Сондай-ақ оқыңыз