
Freedom Bank басқарма төрайымы Гүлфайруз Ахметова Қазақстан барлық Орталық Азия елдеріне ортақ бірыңғай QR жүйесін құра алатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай бірыңғай QR енгізу туристер мен кәсіпкерлер үшін ыңғайлы болмақ.
Central Asia Fintech Summit аясында Қазақстанда ресми түрде бірыңғай банкаралық QR іске қосылды. Гүлфайруз Ахметованың айтуынша, өздерінің банкі өз QR төлем жүйесін бұған дейін-ақ іске қосқан, өйткені мұндай сервис – әлемдік тренд.
«Менің ойымша, Қазақстанда бүкіл Орталық Азия үшін бірыңғай QR жүйесінің орталығы әрі бастамашысы болуға толық мүмкіндік бар. Біз Оңтүстік-Шығыс Азияны мысал ете аламыз: Сингапур мен Таиланд 2017-2018 жылдардан бастап бірыңғай QR жүйесін қолданып келеді әрі клиенттерімен еш қиындықсыз жұмыс істейді. Бұл, біріншіден, ішкі нарық үшін өте ыңғайлы. Әрине, елімізге келетіндер үшін де, біздің туристеріміз үшін де тиімді», – деді Гүлфайруз Ахметова.
Freedom Bank төрайымының сөзінше, Орталық Азия елдерінің менталитеті ұқсас, сондықтан белгілі бір банкке тәуелсіз бірыңғай төлем жүйесінің болуы – қисынды шешім.
Сонымен қатар, оның айтуынша, бірыңғай QR жүйесін Қытайдағы WeChat пен Alipay сияқты QR арқылы төлем жүргізетін сервистермен де біріктіруге болады.
«Егер біз Орталық Азия елдері және Қытаймен бірыңғай QR жүйесінде жұмыс істесек, бұл шағын және орта бизнес, атап айтқанда кафелерге, дүкендерге, кофеханаларға өте пайдалы әрі тиімді болар еді», – деп қосты Гүлфайруз Ахметова.
Freedom Bank басқарма төрайымы кәсіпкерлердің өздері елде бірыңғай QR жүйесінің кең таралуына ықпал ететініне сенімді.
«Әртүрлі банктердің бірнеше терминалын ұстап, қызметкерлерге қайсысын ұсыну керегін түсіндіргеннен гөрі, бір төлем тәсілін қолдану әлдеқайда оңай», – деді ол.
Саммит аясында елдің 6 банкі бірыңғай QR жүйесіне қосылған. Ал қыркүйек айының басында бірыңғай QR жүйесіне алғаш болып үш банк – Freedom Bank, Банк ЦентрКредит және Home Credit Bank қосылған болатын.
Бұған дейін, Freedom Bank QR-код арқылы мемлекеттік қызметтерге төлем жасау сервисіне қосылғаны хабарланған.