Жаңалықтар

Қазақстандықтар шетелде жүріп бірыңғай QR арқылы төлем жасауы мүмкін

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Ұлттық төлем корпорациясы» (ҰТК) қазақстандықтар шетелде жүргенде QR-кодпен төлем жасау мүмкіндігін енгізіп жатыр. Бұл туралы Central Asia Fintech Summit 2025 аясында «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Жанар Самаева хабарлады.

Самаеваның айтуынша, бұл қызмет ішкі нарықтағы QR төлемдері секілді жеңіл әрі қауіпсіз болмақ.

«Біз бірнеше мемлекетпен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Әсіресе, қазақстандықтар жиі саяхаттайтын елдерге басымдық береміз. Ең қисынды бағыт – Азия елдері», – деді ол.

Мұндай төлем моделі бүгінде Таиланд, Сингапур, Малайзия және Қытайда кеңінен қолданылады. Бұл елдерде бірыңғай QR жүйесі банк карталарына балама ыңғайлы құралға айналған. Қазақстан да дәл осы бағытта алға жылжып, серіктес елдерді Азия аймағынан іздеп жатыр.

«Орталық банктердің рөлі өзгерді: олар енді реттеуші ғана емес, шешімдердің архитекторына айналып жатыр Біз банктер, нарық қатысушыларын азаматтар мен бизнесті бір қауіпсіз цифрлық ортада біріктіретін платформалар жасаймыз», – деп атап өтті Жанар Самаева.

Бұл ретте Freedom Bank басқарма төрайымы Гүлфайруз Ахметованың айтуынша, бірыңғай QR жүйесін Қытайдың WeChat және Alipay сервистерімен интеграциялау мүмкіндігі бар.

«Егер біз Орталық Азия елдері және Қытаймен бір жүйеде жұмыс істесек, бұл шағын және орта бизнеске үлкен көмек болар еді», – деді Гүлфайруз Ахметова.

Ұлттық төлем жүйесінің өкілдері де, бірыңғай QR жүйесіне қосылған банк өкілдері де оның қауіпсіз деп тұжырымдайды.

«Банк ЦентрКредит» АҚ президенті Руслан Владимировтың айтуынша, банкаралық бірығай QR жүйесінің қосылуы елдегі шағын және орта бизнеске өте қолайлы болмақ. Өйткені кәсіпкерлердің төлем қабылдауы жеңілдеп, кәсіптерін өркендетуіне мүмкіндік жасалып отыр.

Бүгін елдегі 6 банк бірыңғай QR жүйесіне қосылатынын мәлімдеді. Жыл соңына дейін олардың қатары тоғызға жетіп, жылы жүйеге бүкіл банк қосылады деп жоспарланып отыр.