Банк пен қаржы

Құлыбаевтарға тиесілі банк биыл 810 млрд табыс тапты

Тимур мен Динара Құлыбаев Халық банк
Коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Динара мен Тимур Құлыбаевқа тиесілі Халық банк 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында шамамен 810 млрд теңге таза пайда тапты. Қазақстандағы ең ірі банк есебі KASE-де жарияланды.

Бұл былтырғы көрсеткіштен шамамен 170 млрд теңгеге артық. 2024 жылғы алғашқы тоғыз айда қаржы мекемесі 639 млрд теңге таза пайда тапқан.

Елдегі ең ірі екінші деңгейлі банкке қаңтар-қыркүйек айларында қызмет көрсету мен комиссиядан шамамен 102 млрд теңге таза табыс түсті. Бұған қоса, шетел валютасымен
операциялар, қаржы активтері және міндеттемелер бойынша таза пайда 142 млрд теңге болды.

Айта кетейік, Halyk Bank тоғыз айда шамамен 173 млрд теңге табыс салығын көлеген. Бұл былтырғы көрсеткіштен шамамен 61 млрд теңгеге артық. 2024 жылғы қаңтар қыркүйекте қаржы мекемесі 112 млрд теңге салық төлеген.

2025 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша, Халық банктің жалпы капиталы 20,4 трлн теңгеге жетті. Қаржы мекемесінің елде 540 филиалы мен бөлімшесі бар. Ол Грузия мен Өзбекстанда да қызмет етеді.

Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметінше, Халық банктің қарапайым акцияларының 69,48%-на Holding Group Almeks JSC компаниясы иелік етеді. Ол Тимур мен Динара Құлыбаевтарға тиесілі.

Халық банк 2024 жылғы табысынан Құлыбаевтарға шамамен 223 млрд теңге дивиденд төлейтіні мәлім болған.