Жапонияда аяқ-қолы балғадай қыздар сәнге айналды

Жарияланды 13 Қараша 2025 14:46

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: REUTERS

Жапония астанасы Токионың жер асты барларының бірінде аяқ қолы балғадай қыздар өнер көрсету сәнге айналды. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Спорттық төстартқыш пен тар шолақ шалбар киген қыздар бір мезетте грейпфрутты жалаң қолымен мыжып, өздерінің шымыр денесін көрсетіп, келушілерді таңдай қақтырды.

Ырғақты музыка, неон шамдар мен қызғылт фон – мұның бәрі фитнес тақырыбындағы Muscle Girls («Бұлшық етті қыздар») барында ерекше атмосфера тудырды. Әлеуметтік желіде бұл орын хитке айналды.

Бардың менеджері Хитоми Харигэ былай дейді:

«Жапонияда әдетте адамдар нәзік, арық, ұсақ денелі әйелдерді әдемі деп санайды. Бірақ бізге келетін қонақтардың көзқарасы мүлде басқа».

2020 жылдың ортасында ашылған бұл ерекше бар жапон сұлулық стандарттарына қарсы көзқарасымен танылды. Қазір күніне шамамен 100 адам қабылдайды, олардың көбі – шетелдік туристер.

Келушілер 80 минуттық уақытқа 6 мың иен (шамамен 40 доллар) төлейді. Ақшасын төлегесін, ақуызды сусын мен ішімдікті қанша ішсе де келушілердің өз еркі. Ал сахнада бұлшық еттері бұлтылдаған қыздардың шоуы көрсетеді.

фото: REUTERS

Қонақтар қосымша ақы төлеп ерекше әсер де ала алады: мысалы, бетті шапалақпен ұру немесе саннан көтеріп тұру сияқты «экстремалды» қызметтер.

«Әйелдік нәзіктік міндетті түрде әлсіздік емес. Әйел күшті, бұлшық етті бола алады», – дейді Харигэ.

фото: REUTERS

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) мәліметінше, дамыған елдердің ішінде Жапонияда салмағы төмен әйелдердің үлесі ең жоғары – шамамен 9%, бұл көрсеткіш АҚШ пен Германиядағыдан бес есе көп.

Биыл дәрігерлер мен ғалымдардан құралған жапон сарапшылар тобы әйелдердің тым арық болуын сұлулықпен теңестіру қауіпті екенін, мұндай көзқарас дұрыс тамақтанбау мен түрлі денсаулық мәселелеріне әкелетінін ескертті.

Бірақ Muscle Girls барында жұмыс істейтін 30-ға жуық әйел бұл қалыптасқан түсінікпен келіспейді. Олардың көпшілігі бодибилдинг пен кроссфитке әуес.

«Бұл жер әйелдердің денесін мақтанышпен көрсетіп, күшін дәріптейтін жер», – дейді бар қонақтары.

Осылайша, Токионың жер астындағы бір барында басталған қозғалыс жапон қоғамындағы әйел сұлулығы туралы түсінікті түбегейлі өзгертіп жатыр.

Еске сала кетейік, 13 қараша Қазақстанда «Қазақ аруы – 2025» сұлулық байқауы өтеді. Бұған дейін еліміздің түкпір-түкпірінен қатысатын арулар туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз