Lifestyle

2025 жылы жарық көрген үздік 10 деректі фильм

Фото: shutterstock.com

Биыл жарық көрген деректі фильмдердің ішінде мол эмоция сыйлайтын, құнды дерекке толы, көрермен көңілінен шыққандары аз емес. Әсіресе, жаһандық мәселелерді айшықтап ашып қана қоймай, ерекше ұсына білген режиссерлердің шеберлігін атап өтпесе болмайды. Kursiv.Media тілшісі 2025 жылы шыққан үздік 10 деректі фильмге шолу дайындады.

1. Predators (реж. David Osit)

Не туралы: To Catch a Predator true-crime-шоуына талдау жасалған. Мұнда қылмысты «әшкере» қылатын телевизиялық форматтағы шоудың қалай көпшілік сүйіп қарайтын бағдарламаға айналғаны туралы ғана айтылып қоймай, қатысушылардың тағдыры мен шоудың қоғамға тигізген әсері де талқыланады. 

Кімге қызық болуы мүмкін: медиасын, true-crime, журналист этикасы сынды тақырыпқа қызығатындара ұсынамыз. Себебі фильмді көрген адам тергеу мен ойын-сауықтың ара-жігін ажырата білудің маңызын түсінеді. Медианың әділдік жайлы түсінікті қалай қалыптастыратынын көреді. 

2. Bodyguard of Lies (реж. Dan Krauss)

Не туралы: Ауғанстандағы жиырма жылға жуық уақытқа созылған соғыс туралы шебер жасалған журналистік зерттеу. Ресми есептер мен ел алдында айтылған сөздердің күші қандай болатыны көрсетілген. Жоқтан бар жасау, күмәнді жалған ақпарат қылу өте оңай екенін түсінесіз. Фильмді қарап отырып мемлекет тарапынан айтылатын нұсқаның қалай құрастырылатынына куә болып, соғыс кезінде шындықтың бір жақты бола бермейтінін білесіз.

Кімге қызық болуы мүмкін: саясат, соғыс тарихына қызығатын, қоғамдық пікірді қалыптастыруда медианың рөлін зерттеу жүргендерге көруге тұрарлық туынды. Өйткені Bodyguard of Lies-та фактілер тізіледі де, сол арқылы биліктің шындықты көпшілікке қалай жеткізіп, сендіретіні көрсетіледі. Бұл фильм ұзақ уақыт соғыс көрген, зардап шеккен елдердің айнасы іспеттес. Пиардың күшін сезінесіз.

3. She (реж. Parsifal Reparato)

Не туралы: Вьетнамдағы алпауыт зауытта жұмыс істейтін әйелдер туралы деректі фильм. Сандерек емес, шынайы оқиғалар баяндалады. Мұнда біреуі бойжеткен, біреуі ана, енді бірі мигрант. Жаһандық электрон индустрия дамыған заманда олар құдды басқа әлемде өмір сүріп жатқандай көрінеді.

Кімге қызық болуы мүмкін: еңбек құқығы, гендерлік мәселелер, жаһандану тақырыбына қызығатындарға ұнайды. Фильмді қарап отырып, кейіпкерлердің күнделікті күйбеңін көріп, қалай шаршайтынын, не армандайтынын түсінесіз. Оқиғалар шынайы болғандықтан, жүрекке жетеді. Брендтер мен өндірістің негізгі күші адам екенін, олардың тіршілігі екенін ұғасыз. Қолымызда ұстап жүрген әр телефон, әр құрылғыда қарапайым жұмысшылардың өмірінің бөлшегі, үкілеген үміті бар. Қазір жағдайымыз жасалған заманда соның астарында не жатқанына үңілуге мүмкіндік туады. 

4. Monk in Pieces (реж. Billy Shebar)

Не туралы: Meredith Monk есімді композитор, орындаушы әрі суретші-зерттеуші әйелдің тағдыры баян етілетін биографиялық туынды. Оның мансап жолы ауыр, үнемі ағысқа қарсы жүзуге мәжбүр болған.

Кімге қызық болуы мүмкін: авангард, эксперименттік музыка, өнертану тақырыбына қызығатындарға ұнауға тиіс. Ісіне адал болған адамның мәдени беделі биік болатынын түсіндіретін фильм. Мұнда кей әртістердің ықпалы коммерциялық табысынан әлдеқайда мықтырақ бола алатыны көрсетіледі. Оған қоса, мұнда архив базасы өте бай. Кейіпкердің үйде жинаған жазбаларынан бастап бәрі бар. Сирек кездесетін фрагментке толы болғандықтан, бұл жай биография емес, толыққанды музыкалық зерттеу десек болады. 

5. The New Yorker at 100 (реж. Marshall Curry)

Не туралы: ғасырлық тарихы бар журнал туралы түсірілген деректі фильм. Мұнда редакция ішіндегі процестер, журналистиік этика, мәдени ықпал жайлы шебер көрсетілген.

Кімге қызық болуы мүмкін: журналистика мен мәдениет тарихы туралы тақырыпқа қызығатындардың көңілінен шығуға тиіс. Мұнда үлкен сараптама бар. Мәтін қалай жазылады, сапалы журналистика деген не, ол әлі күнге дейін қалай құнын жоғалтпай келе жатыр, сол туралы айтылады. Фильмде редакция қызметкерлерінің жұмыс барысы, жиналыс кезінен үзінділер, ойдың бір жерден шықпай пікірталас туған тұстар сынды сирек кадрлар бар.

6. Billy Joel: And So It Goes (реж. Susan Lacy, Jessica Levin)

Не туралы: Billy Joel-дың Нью-Йоркте жасаған алғашқы қадамдарынан бастап, әлем таныған әншіге қалай айналғаны туралы түсірілген, екі сериядан тұратын фильм.

Кімге қызық болуы мүмкін: әртістердің биографиясын көргенді жақсы көретіндерге, меломандарға, сахна сыртындағы қызықтар туралы білгісі келетіндерге ұнайды. Мұнда әншінің музыкалық хроникасы жеке драматургиямен шебер байланыстырылған. Яғни музыканттың тағдырын сипаттау арқылы түгел бір кезеңнің көрінісіне куә боласыз.

7. Stormbound (реж. Karim Amer)

Не туралы: АҚШ-тың мұхитқа жақын аудандарында тұратындардың өмірі туралы фильм. Айналаны қирататын дауыл маусымында тұрғындар қалай бас сауғалайтыны көрсетіледі. Фильмде қарапайым адамдардың оқиғасы баяндалады. Оның ішінде балықшылар, жас аналар, экологтар және т.б бар.

Кімге қызық болуы мүмкін: экология, климат өзгерісі сынды тақырыптарға қызығатындарға ұнайды. Мұнда тақырып ғылыми тілмен күрделендірілмейді. Қайта көпшілікке түсінікті форматта ұсынылған. Қирап қалған үйлер, жақынынан айырылғандар, жаңа өмірге бейімделу сынды сәттер көрсетіледі.

8. The Mens Land (реж. Mariam Khatchvani)

Не туралы: ән айтуды үйреніп, дәстүрлі қоғамнан өз орнын тапқысы келетін грузиялық қыздың тағдыры туралы деректі фильм.

Кімге қызық болуы мүмкін: арт-кино, этнография және адамдардың тағдыры туралы камералық туындыларды жақсы көретіндердің көңілінен шығады. Көпшілік арасында қалыптасып қалған таптаурынға жеке адамның қалауы қарсы келсе, қалай көрініс табатыны шебер көрсетілген.

9. Oh Yeah! (реж. Nick Canfield)

Не туралы: 80-жылдары екінің бірі жатқа айтқан Oh Yeah! әнінің қалай жарыққа шыққанынан хабар беретін қысқа, бірақ өте қызық туынды.

Кімге қызық болуы мүмкін: поп-мәдениетке қызығатындарға, ностальгия үшін қарағысы келетіндерге ұнайды. Бір ғана ән арқылы көп тақырып ашылады.

10. The Librarians (реж. Kim A. Snyder)

Не туралы: АҚШ-тың Техас, Флорида және басқа да штаттарында тұратын кітапханашылардың кітапқа жаппай тыйым салмақ болғандарға қарсы тұру үшін біріккені жайлы деректі фильм.

Кімге қызық болуы мүмкін: сөз еркіндігі, тәуелсіз медиаресурстар, мәдени қарсылық туралы тақырыптарға қызығатындарға ұнауға тиіс. Қазір ақпарат пен тарих құдды бір соғыс алаңына айналды десек болады. Осындай кезеңде қолына қару алмай, оның орнына кітап пен заңды алға тартатындардың күресі баяндалады. Әрі мұндай қарсылықтың абстракт идея емес, шын қалау, шын таңдау екенін еске салады. Команда фильмді мектептерде, кітапханалар мен құқық қорғау ұйымдарына түсірген. Ал бұл орындар кітап алуға болатын жер ғана емес, толыққанды азаматтық белсенділік орталықтарына айналған.   

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін кейінгі жылдары шыққан үздік отбасылық фильмдер туралы жазған едік.