
Қоғам белсендісі Санжар Боқанв Алматыдағы жөндеу жұмыстарының жартысы негізсіз деп есептейді. Оның сөзінше, бюджеттен бөлінген миллиардтарды Вi Group компаниясы алады.Ал олар құрылыс пен жөндеу жұмысының бағасын тым аспандатып жібереді деп айыптады белсенді. Жауап ретінде елдегі ең ірі құрылыс холдингі ресми жауап берді.
М. Әуезов атындағы драма театры
Санжар Боқаев қаладағы ең басты мәдени нысан, Әуезов театрынан, бастады. Оның айтуынша, 2024 жылы-ақ ғимараттың жағдайы жақсы еді, күрделі жөндеу жұмысын жүргізудің қажеті жоқ еді. Қасбетін жаңартып, бүлінген тақташаларын бекітсе жеткілікті болған. Боқаевтың дерегінше, қазіргі жөндеу жұмысының құны 80 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін, бірақ ресми сандар әлі жарияланған жоқ.
Ал театр айналасын көгалдандыруға 2.5 млрд теңге бөлген.
«Олар алтынмен қаптай ма? Қажетсіз жұмыс істеудің не керегі бар? 5-10 жылдан кейін дағдарыстан шыққаннан кейін-ақ жасауға болады ғой», – деп сұрайды белсенді.

«Қалқаман» ауруханасын жөндеуден өткізу
Санжар Боқаев Қалқаман ауданында орналасқан жетінші ауруханаға да тоқталады. Қазір ғимаратты жөндеуден өткізіп жатыр, бюджеттен 31 млрд теңге бөлген. Мердігер – BI Group, ал оның тапсырыспен «Әлем Құрылыс» еншілес ұйымы айналысады.
«Барлық ірі тендерлерді BI Group ұтып алады. Бірақ компания өзі құрылыс жұмыстарын жүргізбейді. Олар өздерінің 30–40 пайызын алып, жұмысты басқа мердігерлеріне береді. Мен Айдын Рахимбаевқа айтқым келеді: BI Group – ар-ұяты жоқ, өте нашар компания, себебі сіздер барлық тендерлерді артық бағамен алады. Барлық жұмыстардың құнын әдейі көтеріп, супермаржа табуды көздейсіздер. Ал ол біздің салық төлеушілердің ақшасы емес пе? Бұны ойлап көрдіңіздер ме?», – дейді белсенді.
39 млрд теңгеге салынған BRT
Осыдан кейін қоғам белсендісі Райымбек даңғылына ауысты. Қазір мұнда BRT желісі салынып жатыр. Ол Қалқаманнан басталып, Саяхатқа дейін созылады. Жобаға 39 млрд теңге бөлінген. Құрылысты жүргізіп жатқан – «Қазақжолқұрылыс» ЖШС, ал бұл компания BI Group-тың еншілес ұйымы.
«BRT жобасын салғанда өткізу және тасымалдау қабілеті нақты өлшенбеген. Біз автокөліктер үшін жолдың өткізу мүмкіндігі нашарлағанын көріп отырмыз. Мұнда онсыз да қажетсіз жұмыстарға ондаған миллиард теңге босқа жұмсалды. Жақсартудың орнына жағдайды ушықтырды», — дейді қоғам белсендісі.
BI Group ресми жауабы
BI Group мемлекеттік тапсырыстар жүйесі қалай жұмыс істейтіні және жобалардың құны қалай анықталатынын түсіндірді.
«BI Group компаниясы мен оның бөлімшелері ешқандай жобаларды лоббилендіруге араласпайды. Кез келген нысанды (театр, музей, көпір, жол, аурухана, мектеп және т.б.) қайта жаңарту немесе салу туралы шешімді әр деңгейдегі мемлекеттік органдар қолданыстағы заңнама шеңберінде қабылдайды», – делінген ресми жауапта.
BI Group түсіндіруінше, мердігерлік компания ретінде таңдау әрдайым заңды конкурс рәсімдерінен кейін жүзеге асады. Конкурстық талаптар қатал: компанияның қаржылық тұрақтылығы, командасының жоғары біліктілігі, күрделі нысандарды іске асыру тәжірибесі және құрылыс саласындағы сараптамалық құзыреттілігі қаралады.
«Бұл жүйеде ешқандай «қолдан жасалған» тағайындаулар жоқ», – деп сендіреді компания өкілдері.
Егер тапсырыс беруші жобалық-сметалық құжаттама бермесе, мердігер жобалаушыны таңдай алады. Бұл қалыпты тәжірибе, компания сапаға жауапты болғандықтан, тек сенімді мамандарды тартады деп түсіндіреді компаниядан. Ал жобаның құнын мемлекеттік сараптама анықтайды, бұл холдингтің басты ұстанымдарының бірі.
Компания мәлімдегендей:
- әр жобаның құны мемлекеттік қаржылық сараптамадан өтеді;
- мердігер оны өзгертуге құқылы емес;
- жоғары бағалар «техникалық тұрғыдан мүмкін емес», себебі барлық сомалар бірнеше рет тексерістен өтеді.
Ал Әуезов театрына қатысты BI Group бірнеше техникалық фактілерді атап өтті. Театрдың ішкі инфрақұрылымы — сахналық механизмдер, көтергіштер мен техникалық жабдықтар тозған күйде болған. Бұрынғы жылдары кейбір қаптама тақташалар өздігінен бұрандалармен бекітілген, бұл беткі қабатты бүлдіруге әкелген. Қаптаманың көп бөлігі толық ауыстыруды қажет еткендіктен күрделі жөндеу жұмыстары басталған.
Ал жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін театрдың қалай өзгеретінін мына жерден көруге болады.