
Трамп әкімшілігі америкалық консулдықтарға шетелдіктердің кейбір созылмалы дерті болса, виза беруден бас тартуды қарастыру керек деген нұсқаулық жіберген. Бұл жайлы елдің мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қол қойған құжатқа сілтеме жасаған The Washington Post жазады.
«Өтініш берушінің денсаулық жағдайын ескеруіңіз керек. Кейбір аурулар, мысалы, жүрек-қан тамырлары, тыныс жолдары, онкологиялық, диабет, метаболикалық, неврологиялық және психикалық аурулар жүз мыңдаған доллар тұратын медициналық көмек талап етуі мүмкін», – деп жазылған құжатта.
Сонымен қатар нұсқаулықта семіздікке назар аудару ұсынылады, өйткені ол «ұйқы апноэсына, қан қысымының жоғарылауына және клиникалық депрессияға» әкелуі мүмкін.
Бұдан бөлек, визалық офицерлер өтініш берушінің зейнет жасынан асып кетпегенін және қанша асырауындағы адамы бар екенін де ескеруі тиіс.
Ақ үй өкілі Анна Келлидің айтуынша, елге кіргісі келген шетелдік кейін АҚШ салық төлеушілеріне «қаржылық салмақ болуы ықтимал» деген себеппен виза беруден бас тартуға рұқсат бар.