Ақтөбеде Гонконг тұмауы табылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ақтөбеде Гонконг тұмауы балаларға ауыр тиіп жатыр / фото: KursivMedia мұрағаты
Ақтөбеде Гонконг тұмауы балаларға ауыр тиіп жатыр / фото: KursivMedia мұрағаты

Ақтөбеде Гонконг тұмауы табылды. Тұрғындар дене қызуын көтеріп, көп жөтелетін, тұмауға ұқсас сырқатқа алаңдай бастады.  

 «Диапазон» басылымының ақпаратына қарағанда, кейбір ақтөбеліктер гонконг тұмауы жетті деп күдіктеніп отыр.

«Айналамда көптеген адам ауырып жүр, әсіресе балаларға ауыр тиіп жатыр. Температура 38 градустан жоғары көтеріліп, жөтел, әлсіздік болады. Біздің балабақшада дүйсенбі күні топтағы балалардың жартысына жуығы келмей қалды – ауырып қалған. Ересектер де жөтеліп жүр. Бұл жаңа вирус – гонконг тұмауы болуы мүмкін деп оқыдым, расымен бізде бар ма? Инфекциялық ауруханада оған байланысты көп адам түсіп жатыр деген шын ба?» – деп жазды Альбина.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қаласында гонконг тұмауының анықталғанын растады. Алайда бұл штамм жаңа вирус емес.

«Қазіргі уақытта өңірде зертханалық жолмен анықталған А типті тұмаудың (H3N2) – яғни «гонконг» вирусының жағдайлары тіркелді. Бұл – жыл сайын күз-қыс мезгілінде айналымда болатын маусымдық вирустың бір тармағы. Ол – жаңа вирус емес, маусымдық тұмаудың бұрыннан белгілі штаммдарының бірі», – деді Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова.

Облыстың денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, инфекциялық стационарға тәулігіне орта есеппен 5 науқас жатқызылады. Ал аурухананың қабылдау бөлімі тәулігіне 20 пациентке қызмет көрсетеді.

Қазір елде эпидмаусым басталып, тұмаумен ауырғандар көбейді. 

Сондай-ақ оқыңыз