Жаңалықтар

Экономика өскенімен, инфляция неге төмендемей тұр: Ұлттық банк себебін түсіндірді

Ұлттық банк басшысы инфляцияға не әсер еткенін айтты / Фото: Ұлттық банк баспасөз қызметі

XIII Қаржыгерлер конгресінде модератор Ораз Жандосов Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменовтен ел экономикасы өсіп жатыр дегенімізбен, неге халықтың нақты табысы азайып, инфляция қарқыны басылмай тұр деп сұрады.

Жандосовтың сұрағына жауап берген Сүлейменов елдегі инфляция үкімет мен бас банктің жоспарлы көрсеткішінен асып кетуіне бірнеше себеп бар екенін атап өтті.

«Нақты және номиналды көрсеткіштер туралы айтқанда, ең маңыздысы – инфляция. Ол өте жоғары деңгейде. Бұл шынымен де ең басты мәселе. Бір жағынан, инфляцияны тудыратын көптеген сыртық факторлар біздің бақылауымыздан тыс. Екінші жағынан, кейбір факторлар өзіміздің қабылдаған шешімдерімізге байланысты. Бұл шешімдерді дәл қазір қабылдау қажет болды», – деп түсіндірді ол.

Тимур Сүлейменов жоғары инфляцияға сыртқы және ішкі себептер бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаһандық азық-түлік пен энергия бағасының құбылмалығы, логистикалық тәуекелдер сияқты сыртқы факторлар Қазақстанның бақылауында емес. Сонымен қатар, короновирус кезеңінде қабылданған кеңейтілген фискалдық саясат та қазіргі инфляциялық қысымға ықпал еткен ішкі факторлардың бірі болған. Бұл саясат сол кезеңде экономиканы қолдау үшін қажет болғанымен, кейінгі жылдары оның шектеулі әсері байқалды.

«Біз кейінгі жылдары Ұлттық қордан көп ақша алдық. Бюджет тапшылығы да жоғары болды. Енді қолға алынған салық-бюджет саясаты инфляцияның төмендеуіне ықпал етеді», – деді ол.

Қазақстанның бюджет тапшылығы 2,5-2,7%-дан 0,9%-ға дейін қысқарып, ал Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт 5,5 трлн теңгеден 2,8 трлн теңгеге азаюы тиіс. Бұл – фискалдық тұрақтылықты арттыруға бағытталған негізгі өзгерістер.

Сүлейменовтің айтуынша, орта және ұзақ мерзімді кезеңде ақша-кредит саясаты бейтарап сипатқа ие болуы тиіс. Яғни ол экономикалық өсімге де, оны тежеуге де тікелей бағытталмайды, басты мақсат – макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау. Бұл тұрғыда инфляцияны төмендету негізгі басымдық болып қала бермек.

2025 жылдың III тоқсанында елдің ЖІӨ-сі 6,5%-ға өскенімен, кезеңде нақты жалақы 2%-ға төмендеген. Сонымен қатар, қазан айындағы инфляция 12,6% болды. Бұл жағдай экономиканың қарқын алуына қарамастан, халықтың нақты табысы инфляция қысымын сезініп отырғанын байқатады.