Lifestyle

Gorillaz Алматыға келеді. Park Live 2026 алғашқы хедлайнерін жариялады

Gorillaz Алматы / фото: Freedom Ticketon

Алматы 2026 жылы тағы да Орталық Азияның музыкалық орталығына айналмақ. 21–23 тамыз күндері өтетін Park Live Almaty 2026 фестивалі өзінің алғашқы хедлайнерін ресми түрде таныстырды аты аңызға айналған Gorillaz тобы 22 тамыз күні сахнаға шығады!

Gorillaz Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетеді

Park Live Almaty фестивалі үшін бұл ерекше қонақ. Ұйымдастырушылар биылғы лайнапты да әр өнерпаздың бірегейлігі мен мәдени ықпалына қарай құруды жоспарлап отыр. Фестиваль үш күн бойы әлемдік музыка әуесқойларын Алматыға жинап, халықаралық жұлдыздар мен қазақстандық таланттардың өнерін тоғыстырмақ.

Өткен жылы бұл шараға 40 мыңнан астам көрермен келген еді. Биыл одан да ауқымды болады деп жоспарланып отыр.

Gorillaz – анимациялық топтан әлемдік феноменге дейін

Gorillaz – бұл жай музыкалық топ емес, тұтас мәдени құбылыс. Жобаның артында музыкант Дэймон Албарн мен суретші Джейми Хьюлетт тұр. Топтың концепциясы төрт анимациялық кейіпкердің тарихына негізделген.

Топ альтернативті рок, хип-хоп және электрондық музыканы араластырып, 20 жылдан астам уақыт ішінде ерекше стиль қалыптастырды. Gorillaz бүгінде әлем мойындаған феноменге айналып, көптеген беделді марапатқа ие болды.

Концерт 2026 жылдың 22 тамыз күні Алматыдағы Бірінші мамыр тоғанында өтеді. Freedom SuperApp қосымшасында билеттердің алдын ала сатылымы басталды.