
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Арман Дүйсеновтің әйелі Айсұлу Айданқызы сұхбат беріп, ұлы Абылай қандай жағдайда қайтыс болғанын айтты.
Сұхбат журналист Аман Тасығанның YouTube каналына жарияланған.
«2024 жылы 7 қазанда сағат алты шамасында ұлым Абылайдың досынан қоңырау келді. «Абылай қайда?» деп сұрады. Ол жігіт бұрын маған хабарласқан емес. «Бір жігіттер Абылайды іздеп жатыр еді» деді. Ойымда ештеңе болмады.
(…) Кіші ұлым сабақтан шықты да, «Абылай қайда?» деп сұрады. «Жұмыстарымен жүрген шығар» дедім. Сабақ кезінде Абылайдың таныстары кіші ұлыма да хабарласқан екен. Мән бермедім. Үйге келдік. 83 жастағы әкем жанымда. Кешкі асын бердім.
Біз бір үйді екіге бөліп, сол жерде тұрдық. Бір жағында ұлым Абылай тұрады. Ортадағы есік ашық тұр екен. Жарықты қостым. Ұлымды көріп тұрмын. Аяғы жерде, ілініп тұрған жоқ. Екі қолы артында, арқанмен байланған. Жалаңаяқ. Не болып жатқанын түсінбедім. Жедел жәрдем шақырдым. Кіші ұлым қорқып қалмасын деп, жақын маңда тұратын құрбымның үйіне салып жібердім», – дейді әйел.
Сол кезде Айсұлу Айданқызының телефонына бейтаныс нөмір хабарласқан. Санжар есімді жігіт өзін Абылайдың досы деп таныстырған. Жанындағы тергеушілер «Абылайдың қайтыс болғанын айтпаңыз» деген. Артынша жігітті үйінің маңына кездесуге шақырған.
«Тергеушілер жан-жағымда тұратын болды. Санжар Мұқаш деген жігіт жүгіріп келді де, «Абылайдың досымын» деді. Оны танымайды екенмін. Бұрын көрген емеспін. «Досымын, көмектесейін деп, Абылайға ақша бердім», пәтер үшін 49 млн теңге төледім деді. Сол кезде тергеуші ол жігітті алып кетті», – дейді Айсұлу Айданқызы.
Ұлының мәйітіне сот-медициналық сараптама жасалғаннан кейін іс «кісі өлтіру» бабы бойынша тіркелген.
«Адам қолын артқа байлап өзін өлтіре алмайды» деп айтты. Абылайды жерледік. Телефонын аштық. Күнім үй мен полиция арасында өтті, бірақ нәтиже болмады. Кейін тергеушілерге кіре алмайтын жағдайға жеттім.
Жазда Санжар Мұқаштан хат келді. Пәтерді босату туралы ескерту екен. Пәтер 2024 жылы арестке қойылған. Қылмыстық іс әлі жүріп жатыр. Адвокаттардан мұндай жағдайда қалай сотқа береді деп сұрадым. 2025 жылы қазанда сот мені пәтерден шығару туралы шешім шығарды. Ол шешімге келіспеймін», – дейді Айсұлу Айданқызы.
Айтуынша, тұрып жатқан пәтерінен шығуға дайын емес. Пәтердің құны – 140 млн теңге. Ал Санжар Мұқаш 65 млн теңге салғанын айтқан.
«Бұл пәтерден басқа баспанам жоқ. Зағип әкем, 13 жастағы ұлым бар. Абылай қайтыс болғаннан кейін денсаулығым сыр берді, жұмыс істемеймін. Бұрынғыдай арқа сүйер азаматым жоқ. Баратын жерім жоқ», – дейді ол.
Арман Дүйсеновтің әйелі сот шешіміне байланысты президенттен көмек сұрады. Ол пәтерді босату туралы сот шешімінің заңсыз екенін айтып, әділ шешім шығаруға ықпал етуін сұрап отыр.
«2024 жылдың қазанында 21 жастағы ұлым Дүйсен Абылайдың екі қолы байлаулы денесі пәтерімізден табылды. Тергеу әлі нақты шешімге келген жоқ. (…) Істі өзін-өзі өлтіру деп жауып тастаған. Бұл туралы маған, адвокаттарыма ескертпеген. Астанаға ішкі істер министрлігіне бардық. Мұны сол жақта білдік. Қазір тергеу қайта жүріп жатыр», – дейді әйел.
Арман Дүйсенов 2023 жылы қайтыс болды. Абылай Дүйсен 2024 жылы өмірден өтті.
