Қырғыз президенті мейрамханадан қонақтарды негізсіз қуған басшыларды сынады

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров электр энергиясын үнемдеуге қатысты рейдтерге қатысты мэрлердің әрекетін сынады. Бұл туралы Жапаров Facebook парақшасында жазды.
Президенттің сөзінше, кейінгі рейдтер кезінде тексерушілер «шамадан тыс қатаңдық» танытқан. Алайда билік жүздеген адам жиналатын түнгі клубтар мен банкет залдарында ғана тәртіп орнатуы керек екенін атап өтті.
«Тексерушілер рейд кезінде шамадан тыс қаталдық танытқан: тіпті қоғамдық тамақтану орындары (оның ішінде KFC секілді жедел тамақтану желілері) жабылды, кафеде тыныш отырған адамдарды қуып шықты; кәсіпкерлерге дөрекілік көрсетілді, жарық пен су негізсіз өшірілді», – делінген жазбады.
Президенттің айтуынша, электрді үнемдеуді жарықты тәулік бойы жағып қоятын мемлекеттік мекемелерден бастау керек. Ал шу шығармайтын кофеханаларға тиісуге болмайды.
Бұған дейін Қырғызстан билігі электр энергиясын үнемдеу және «Тыныштық туралы» заңның орындалуын алға тартып, кафе, мейрамхана және түнгі клубтардың жұмысын 22:00-ге дейін шектей бастады.