Елена Рыбакина Гиннесc рекордтар кітабына енді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Рыбакина бір турнирде ең көп сыйақы алған теннисші атанды/фото: ktf.kz

Гиннесс рекордтар кітабы теннистен ең қомақты сыйақы алған Қазақстан спортшысы Елена Рыбакинаның жетістігін ресми түрде тіркеді.

Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен WTA финалдық турнирінде жеңіске жеткені үшін теннисші 5,235 миллион доллар (2,7 млрд теңге) жүлде алды.

Бұған дейін бір де бір теннисші бір турнирде мұндай көлемде қаражат алмаған. Алдыңғы рекорд Беларусь спортшысы Арина Соболенко мен испандық Карлос Алькарасқа тиесілі еді. Әрқайсысы 2025 жылдың қыркүйегінде өткен АҚШ ашық чемпионатында 5 миллион доллардан тапқан.

Айта кетейік, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Эр-Рияд қаласында өткен WTA қорытынды турнирінің финалында әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы жеңіп, турнирдің чемпионы атанды. Қорытынды есеп – 2:0 (6:3, 7:6).

Содан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Рыбакинаны құттықтап, ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Теннисшілер бір маусымда қанша табыс тапты

Биыл Беларусь теннисшісі Арина Соболенко бір маусымда ең көп сыйақы алған әйел спортшы ретінде рекорд орнатты. Әлемнің бірінші ракеткасы кортта 15 008 519 доллар табыс тапты. Бұған дейінгі ең жоғары көрсеткіш (12 385 572 доллар) америкалық Серена Уильямсқа тиесілі болды. Рекорд 2013 жылдан бері жаңармаған.

Бір маусымдағы ең жоғары табыс (салықты есептемегенде):

Арина Соболенко (Беларусь) – 15 млн доллар (2025)

Серена Уильямс (АҚШ) – 12,4 млн доллар (2013)

Ига Швёнтек (Польша) – 10 млн доллар (2022)

Ига Швёнтек (Польша) – 8,50 млн доллар (2024)

Елена Рыбакина (Қазақстан) – 8,46 млн доллар (2025)

Кори Гауфф (АҚШ) – 7,97 млн доллар (2025)

Кори Гауфф (АҚШ) – 7,87 млн доллар (2023)

Эшли Барти (Австралия) – 7,58 млн доллар (2019)

Анжелика Кербер (Германия) – 6,85 млн доллар (2016)

Симона Халеп (Румыния) – 6,50 млн доллар (2018).

Сондай-ақ оқыңыз