
Белгілі әнші Медеу Арынбаев Қайрат Нұртас туралы пікір білдіріп, оған міндетті түрде демалып, дауысын қалпына келтіру керектігін айтты. Бұл туралы әнші Qazaq Airan-ға берген сұхбатында бөлісті.
Медеу Арынбаевтың айтуынша, Қайрат Нұртас жылдар бойы үздіксіз жұмыс істеп, күнара ән айтып жүргендіктен, дауысқа түсетін салмақ өте ауыр.
«Мен Қайраттың өзіне де айтқам: демалу керек, фониаторға бару керек, даусын емдету керек. Өйткені олардың еңбегі біздікінен қарағанда көп. Біз айына бір рет шақырса барып ән айтамыз, ал олар күн сайын концерт, дайындық, той-томалақ. Ол оңай дүние емес, дауыс күтімді, дұрыс ұйқыны, тыныштықты қажет етеді», – деді Арынбаев.
Әнші Қайраттың ән айта алмайды деген пікірлермен келіспейтінін де атап өтті.
«Қайрат ән айта алмайды емес, айта алады. Айта алмаса, мұндай халықты жинай алмас еді. Қайрат – қыран әнші. Мұндай мансапты көтеру оңай дүние емес», – деді ол.
Еске сала кетейік, Қайрат Нұртас 30 қазан күні Алматының Орталық Стадионында ауқымды концерт берген еді. Сонымен қатар алдағы уақытта Астанада жеке концерт беруді жоспарлап отыр.